КІТАП – ДАНАЛЫҚ БАСПАЛДАҒЫ

Адам баласы – Алла Тағаланың махаббатпен әрі көркем бейнеде жаратқан жаратылысы. Егер әрбір адам өзін жоқтан бар етіп жаратқан Иесін танимын десе, алдымен өзінің жаратылысына жақсылап мән берсе жеткілікті. Адамның періштелерден ерекшелігі: тәні мен нәпсі қалауы, өмірде таңдау еркі бар, ал хайуаннан артықшылығы – ақылының және жан дүниесінің рухани азыққа мұқтаж болуы.

Міне, бұл жерде айтылған рухани азықтың төресі – кітап. Ұлтымыздың ардақты перзенті хәкім Абай бір өлеңінде:

«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім – кітапта,
Ерінбей оқып көруге», – деп білімнің қайнаркөзі кітапта екенін меңзеген.

Қасиетті Құран Кәрімнің де аяттары сахабалар дәуірінде топтастырылып кітап болып басылды. Адамзат тарихындағы Алла тарапынан келген елшілерінің бәрі Хақтың бұйрығын жеткізген болса, әрбір хабардың негізі кітап еді.

Бұл туралы да толғанған Абай Құнанбайұлы атамыз:

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас», – деген еді.

Бүгінде әлемде ең көп басылатын және үздіксіз оқылатын кітап ретінде Құран бірінші аталады. Өйткені Құран Кәрім – атына заты сай, қайта-қайта оқылатын ерекше кітап. Ең ғажабы, Құранның түпнұсқасын қанша оқыса да ешкім жалыққан емес. Құран өзін оқығанды да, тыңдағанды да, ізденіп, ілім алғанды да жалықтырған емес және ешқашан жалықтырмайды. Әрбір мұсылман үшін Құран Кәрім – үйінің төріне іліп, қастер тұтатын кітап қана емес, ол өмірлік бағдар, мұратқа жетудің төте жолы, біздің баға жетпес рухани шамшырағымыз. Оған көзбен назар салсаңыз, әріптерді көресіз, ақылмен зер салсаңыз, ілім-білімді танисыз, ал жүрекпен оқысаңыз, Алла Тағаланың шексіз мейірімі мен құдіретін сезінесіз. Сонымен қатар, Құран Кәрім – қияметке дейін бір әрпі де өзгермейтін ұлы мұғжиза. Бұл жөнінде Алла Тағала «Хижр» сүресінің 9-аятында: «Ақиқатында Зікірді (Құранды) Біз түсірдік әрі Біз оны (өзгерту, бұрмалаудан) сөзсіз, сақтаушымыз» деп баяндаған.

Құран Кәрімнен кейін көп оқылатын кітап – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сирасы, яғни, өмірбаяны. Алла елшісінің тұтас өмірі ғана емес, бір сәтінің өзі кітапқа жүк болардай. Бір күні екінші күніне ұқсамайтын Пайғамбарлар мырзасының өмір жолы – адамзатқа қияметке дейін үлгі. Оның ғұмырнамасы әртүрлі қырынан зерттеліп, әлі күнге дейін жазылып келеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір дерегін оқудың өзі – ғибадат. Оқып отырып та сауапқа кенелеміз, өйткені ардақты елшінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) есімі кездескен сайын оған салауат айту – мұсылмандық міндетіміз. Хадис кітаптарының да мұсылман өмірінде орны бөлек. Онда шариғат үкімдерінен бөлек, адамға қажетті рухани азық та табылады. Өйткені хадистер – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) асыл сөздері мен күнделікті іс-әрекеті, яғни, ол да Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны іспетті.

Бұдан кейін әр халықтың ұлттық әдебиеті – өзі үшін құнды мұра. Мәселен, қазақ халқының да ауыз әдебиеті, жазба әдебиетінің ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. Көшпенді халқымыздың ауыз әдебиетіндегі классикалық шығармалары бүгінде том-том кітапқа айналды.

«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы ерінбе.
Адамдықты көздесең,
Жаттап, тоқы көңілге», – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, Абай шығармалары да – қазақтың бірегей рухани мұрасы. Абайды оқыған адам кез-келген тақырыпта көсіле алады. Абайды оқып, шығармаларына рухани бойлай алған адам Алланы және адамзатты сүйе алмақ. Абайды таныған адам өнер-білімге, оқуға, Хақ пен халыққа қызмет етуге құштар болмақ.

Қазіргі таңда көркем әдебиеттен бөлек психологиялық, мотивациялық, танымдық бағыттағы кітаптар сұранысқа ие болып отыр. Әрине, бұл – заман талабы. Кітап шығарудағы негізгі мақсат – адамдарды кітап оқуға баулу. Өйткені кітап оқығанды қойған адам, ойлануды да қояды. Жасанды интеллект, суперкомпьютерлер қанша жерден мықты болса да, адам ақылының орнын басып, рухани қажетін де өтей алмайды. Ұл-қызымыз ғылым-білімге құштар болсын десек, олардың жастайынан кітап оқуына, кітаппен дос болуына мән беруіміз қажет.

Жүйелі түрде кітап оқу пендені терең ойға жетелеп, адамның бойына даналық дарытып, рухын оятады. Аллаға деген ықыласы мен махаббатын арттырып, Оның жазасынан сақтануға жетелейді. Адамның пайдалы кітаптарды оқып, ойлануы артқан сайын білімі артады, білімі артқан сайын амалы көбейеді. Адам Алланың ұлылығы туралы көп ойланса, Оған қарсы келуден тайсалатын болады.

Терең ойлану – адамның жүрегіне бір Жаратушының бар екендігіне берік сенім орнатып, иманын қуаттайды. Бір далалық кісіден: «Алланың бар екеніне қандай дәлел айтасың?» – деп сұрайды. Сонда ол: «Түйенің тезегі түйенің бар екенін білдіреді. Жерде жатқан із – жүріп өткен біреудің бар екенін көрсетеді. Ендеше жұлдызға толы аспан, шатқалды-сайлы жер, толқыны таласқан теңіз – соларды жаратқан құдіретті бір Жаратушының бар екенін білдірмей ме?!» – деп жауап берген екен.

Терең ойланған адам – өз-өзін есепке тартып, қандай қателік жібергенін түсініп, одан сабақ алады. Осылайша, иманы күшейіп, жаны тазара түседі. Жаратылыс жайлы терең толғану – адамның танымын арттырып, көкжиегін кеңейтеді. Адам табиғат жайлы ой жүгірткен сайын жаңа мағлұмат алады, пайдалы білімдерге қол жеткізеді.

Халқымыз: «Көп ойласаң – дана боласың, көп ойнасаң – бала боласың» дейді. Көп ойлану көп кітап оқумен келеді. Мұсылман адамның бойында табылуы керек болған ізгі қасиеттердің бірі – даналық. Даналық дегеніміз – әрбір істі өзіне қатысты орнына қоя білу. Бұл айтылған анықтамаға сай қандай адаммен қалай сөйлесуді, бір мәселені қалай жеткізуді, қай жерде не айту керектігін білетін адамды «дана адам» деп атаймыз. Ғалымдарымыз даналықтың белгісін білім мен ақыл арқылы дұрыс шешім қабылдау деп атаған. Кітап оқу – даналыққа бастайтын баспалдақ.

Қандай да бір адамға даналық берілсе, оған үлкен игілік берілгені. Қасиетті Құранда Алла Тағала «Бақара» сүресінің 269-аятында: «Кімге қаласа даналық береді. Ал кімге даналық берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Мұны ақыл иелері ғана түсіне алады» деген. Білімді дұрыс пайдалана білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы себепті де қасиетті Құранда Алла Тағала өзінің жолына біліммен емес, «даналықпен шақыр» деп бұйырады. Бұл туралы Құранда: «Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен және көркем үгіт арқылы шақыр», – деп бұйырған («Нахыл», сүресі, 125-аят).

Кітап оқу көрегендікке тәрбиелейді. Көрегендік дегеніміз – нұрлы ақыл мен жылы жүректің тоғысуы. Ғалымдар: «Ақыл мен жүрек үйлессе, ақиқат туады» деген. Көрегендік қасиеті дарыған адам сананы торлаған сан мыңдаған күмәндардан біржола арылады. Көрегендік – ақ пен қараны, ақиқат пен жалғанды ажырататын қарым-қабілет. Бұл қабілет кітап оқыған сәтте сараптау, талдау, салыстыру, ой жүгірту секілді дағдылар қалыптасқан кезде дами түседі.

2024 жылы Үкімет Қаулысымен Қазақстанда «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» болып бекітілген еді. Бұл мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді. Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде:
«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деген болатын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған күннен бастап елдің рухани дамуына тамшыдай болса да үлес қосуды мақсат етіп келеді. Соның ішінде кітап әзірлеу, оны басып шығару, діни сараптамадан өткізу ісін ертеден-ақ қолға алған еді. Ал 2019 жылы Діни басқарманың төл баспасы – «MUFTIYAT» баспасы ашылып, кітап шығаруды жүйелі түрде жолға қойды. Күні бүгінге дейін баспадан 80-ге жуық кітап жарық көріп үлгерді.

Ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2026 жылға арналған «35 айтулы шара» жоспарына сәйкес ҚМДБ орталық аппараты мен облыстардың бас имамдарына арналған «Рухани кітап айлығы» марафонын өткізуді қолға алдық. Бүгінде бұл жоба аясында мешіт жанынан құрылған оқырмандар клубы пайдалы кітаптарды оқып, оны кеңінен талқылап, парасатты пайымдарын бөлісуде. Осы ретте «Иман» журналының оқырмандарын да мешіт жанынан ашылған оқырман клубының жұмысына белсене қатысып, кітап оқып, рухани азық алуға, оны айналадағы адамдарға барынша жеткізуге шақырамын. Алла Тағала баршамызды ойы озық, парасатты, даналық жолын ұстанған пенделерінің қатарынан еткей. Әумин!

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти