Нәпіл намаздарды жамағатпен оқудың үкімі қандай?

Нәпіл намазы - парыз және уәжіп намаздарынан тыс, әрбір мұсылманның жеке, өз еркімен, Жаратушымыздың разылығы үшін оқитын намазы. Нақты айтар болсақ шариғатымыздың тарапынан міндеттелмеген намаз. Нәпіл сөзі араб тілінде "қосымша" (зияда) деген мағынаны аңғартады. Үкіміне келер болсақ міндет емес, бірақ нәпілді оқыған адам Алладан  еселенген көп сауаптар алады.  Құдси хадисте Жаратушымыз: "Пендем Маған жақын болу үшін не істесе де, олардың Маған ең сүйкімдісі - оған парыз етілген амалдарым. Сонымен қатар пендем Маған нәпіл құлшылықтармен жақындайды да, Мен оны жақсы көретін боламын", дейді.

Сонымен тақырыбымызға оралатын болсақ, нәпіл намаздарды жамағат болып оқу не парыз, не сүннет амалына да жатпайды, яғни дінімізде бұйырылмаған. Яғни мәкрүһ саналған. Керісінше жеке оқылғаны абзал іс болып саналады. Тек күн тұтылғанда, ай тұтылған кезде, жауын тілеу (истисқа) намазы немесе Рамазан айында тарауих намаздарын ғана оқуға рұқсат етілген. Бұдан басқа уақыттарда нәпіл намаздарды жамағат болып оқу Ханафи мәзхабында мәкрүһ болып саналады. Бұл жайында көптеген фиқһ кітаптарында айтылып өткен. Сондай ақ бұл мәселелер "Сиражия", "Ғиясия" атты пәтуа кітаптарында да кеңінен айтып түсіндірілген. Осы жерде неге? не үшін болмайды? деген сұрақ туындайды.

          Ғалымдарымыз Пайғамбарымыздың с.ғ.с. "Кімде кім дінімізде жоқ нәрсені жәрия ететін болса, ол бидғатшы" деген хадисіне сүйене отыра, кей адамдар парыз, сүннет намаздарына аса қатты мән бермей, тек нәпіл намаздарды қадірлеп, парыз, сүннетті төмен санап жатады. Ал енді ашура, рағайып, барат кештерінде жиналған жерде жамағатпен нәпілдер оқуға тым белсенділік танытып жатады. Бұл дұрыс емес. Бұл дегеніміз шайтанның қулығы десе де болады. "Уиқая" кітабының шархында "Нәпіл намаздарды жамағатпен оқу, парыз намаздарды жалғыз оқу шайтанның қулығынан" деп айтылады. Адам әуелі парыз, сүннеттерін толықтыруы керек. Сондай ақ осы жерде тахажуд намазын жамағатпен оқуға болады ма? деген сұрақ та туындауы мүмкін. Тахажуд намазы нәпіл намаздар қатарына жататын болғандықтан, мұны жамағат болып оқу мәкрүһ саналады. Әркім жеке оқуы керек. Өйткені тахажуд намазының қандай қадір-қасиеттері бар екені баршаға жақсы мәлім.

Мақаламызды түйіндей келе айтарымыз, нәпіл намаздар жамағат болып өтелмейді. Әрбір адам бұл ғибадатты тек жеке өзі ғана өтеуі тиіс болған амалға жатады. Білуші Алла!

Үмбет Сабырханов

Т.Рысқұлов ауданы бойынша пәтуаға жауапты маман