Иманның әлсіреу белгілері және оны күшейтудің жолдары

Иман – адам баласына берілген ең ұлы нығмет, жүректің көктемі мен нұры. Ол – сенің Әлемдердің Раббысының сүйікті құлы екендігіңді айғақтайтын рухани «мөр». Ислам ғұламалары: «Иман – құлшылықпен артады, күнәлармен кемиді»деген. Демек, иман бір орнында тұрмайды; оны үнемі күтіп, баптап отырмаса, әп-сәтте шашып алуымыз әбден мүмкін.

Тіпті үмбеттің ең абзал өкілдері болған сахабалардың өзі иманның азаюынан қорқып, оны жаңартып тұруға ерекше көңіл бөлген. Мысалы, Хазіреті Омар мен Ибн Масғұд (оларға Алла разы болсын) жолдастарына: «Келіңдер, отырып иманымызды күшейтіп алайық, иманымызды арттырайық!» дейтін болған. Қалтамыздағы ақша мен алтынды қалай күзетсек, жүректегі иманды одан да бетер күзетуіміз керек. Ол үшін, ең алдымен, дерттің белгілерін тануымыз қажет.

Иманның әлсіреу белгілері: Жүректегі иман шамы бәсеңсігенде, адам бойында мынадай белгілер белең ала бастайды:

Құлшылыққа салғырттық таныту.

Жақсы амалдарға еріну: Құлшылықтарды ауыр жүктей сезіну.

Намазды қадірлемеу және сүннетті елемеу: Намазды соңғы уақытқа шегеру, сүннет амалдарға «парыз емес қой» деп немқұрайлы қарау.

Зікірден алыстау: Алланы еске алуды (зікірді) ұмыту немесе елемеу.

Құраннан сууы: Құран оқығысы келмеу, аяттар оқылғанда жүректің елжіремеуі, немқұрайлы тыңдау.

Жүректің қатаюы және мінездің бұзылуы.

Күнәға еті үйрену: Күнә жасап тұрып, іштей ешқандай өкініш пен кінәлілік сезімін сезінбеу, мәкрүһ (ұнамсыз) істерден бойын алып қашпау.

Жүректің тастай қатуы: Өзгелердің мұңына, өлімге немесе ақырет туралы ескертулерге селт етпеу.

Эгоизм және тәкәппарлық: Адамдарға жоғарыдан қарау, тек өз қара басын ойлау, сабырсыздық пен өзін-өзі ұстай алмау.

Дүниеқоңыздық пен ашкөздік: Материалдық дүние үшін шамадан тыс уайымдау, сараңдық танытып, мұқтаждарға көмектескісі келмеу.

Қоғамдық қарым-қатынастың нашарлауы.

Күншілдік пен даукестік: Өзгелердің сәтсіздігіне іштей қуану, көре алмаушылық (қызғаныш) және мағынасыз дау-таласқа үйір болу.

Туыстық байланысты үзу: Жақындарымен қарым-қатынасты суыту.

Екіжүзділік сипаттары: Өзгелерден жақсы амалды талап етіп, бірақ оны өзі жасамау. Дін туралы айтудан, жақсылыққа шақырудан қашу.

Иманды Күшейтудің Жолдары (Дерттің Емі) Құран мен сүннетте иманды күзетудің және оны қайта жандандырудың нақты шипалары көрсетілген:

Құранмен байланысты тығыз ету. Құранды жай ғана оқып қоймай, оның мағынасына бойлау, аяттар туралы ойлану (тәдәббүр). Алла Тағала Құранда: «Шын мәнінде мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қорыққан, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артқан...» («Әнфәл» сүресі, 2-аят) дейді.

Күнәларға шынайы тәубе ету. Әрбір күнә – жүрекке түскен қара дақ. Шын өкінішпен жасалған тәубе сол дақты өшіріп, иман нұрының қайта кіруіне жол ашады.

Алланы көп зікір ету. Тілді де, жүректі де «Субханаллаһ», «Әлхамдулилләһ», «Астағфируллаһ» сөздерімен сусындату. Жүректің тыныштығы тек Алланы еске алумен ғана келеді.

Салиқалы орта табу. Иманды күшейтудің ең төте жолы – иманы көркем адамдармен бірге болу. Сахабалардың бір-бірін иманды жаңартуға шақыруы тегін емес. Жақсы жолдас сені игілікке сүйрейді.

Садақа беру және көркем мінез таныту. Сараңдық пен дүниеқоңыздықтан арылу үшін мұқтаждарға қол ұшын созу, туыстармен қарым-қатынасты түзеу. Өзгелерге кішіпейілділікпен қарау жүректегі тәкәппарлық ауруын емдейді.

Иман – үнемі күтімді қажет ететін нәзік өсімдік іспетті. Егер бойыңыздан жоғарыда аталған әлсіреу белгілерін байқасаңыз, дабыл қағуға асығыңыз. Жүректің қатайып кетуіне жол бермей, дереу құлшылыққа бейімделіп, тәубе мен зікірге жүгіну – әрбір мұсылманның өз жанына жасаған ең үлкен жақсылығы болмақ. Алла Тағала жүректерімізді иман нұрымен бекітсін!

Ержан Көшкімбай

Мойынқұм ауданының бас имамы