Әрбір ізгі амалдың жақсылығы еселеніп жазылатын қасиетті айда Құран оқу, оны хатым етудің сауабы мол. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сіз бен бізге сүйінші хабар жеткізгендей, кімде кім Құранның бір әрпін оқыса, оған одан бір жақсылық бар әрі ол он есе арта түседі. Осы хадистің толық мәтінінде былай делінген: «Кiмде кім Алла Тағаланың кiтабының бiр әрпiн оқыса, оған одан бiр жақсылық бар әрi жақсылық он есе арта түседi. «Әлиф-ләм-мим» бiр әрiп емес. Бәлкiм, «әлиф» бiр әрiп, «ләм» бiр әрiп, «мим» бiр әрiп».
Аллаға шүкір, қазір жер-жердегі мешіттерімізде тарауық намаздарында Құран оқылуда. Тарауық намазын сағынған жамағат Құранды ұйып тыңдап, аяттардың мәні мен мағынасына терең ой жүгіртуде. Шын мәнінде Құран оқылған жерде Алланың тыныштығы мен берекесі болады. Қасиетті хадис-шарифте баяндалғандай, бір топ адам Алланың үйлерінің бірінде жиналып, Алланың кітабын (Құранды) оқып, оны өзара талқыласа, оларға міндетті түрде сәкина (тыныштық) түседі. Олар Алланың рақымына бөленеді, періштелер оларды қанатының астына алады және Алла өзінің құзырындағы ұлы жамағатқа оларды білдіреді. Тыныштық (сәкина) деген сөз «жан тыныштығы», «жүрек тыныштығы», «ішкі тыныштық» деген ұғымдарды білдіреді. Расында, Құран оқыған адамның жүрегі тыныштық табады және ерекше рахатқа бөленеді.
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Уа, адамзат ұрпақтары! Сендерге Раббыларыңнан ізгі хабар келіп жетті. Көкіректеріңді кернеген күмәннан арылтатын, иман келтіргендер үшін даңғыл тура жол болатын (Құран Кәрім) келді. Пенделерге былай деп айт (уа, Мұхаммед): «Алланың осындай жарылқауы мен мейірімінен жандарыңа қуаныш құйыңдар. Сендердің (дүниеқоңыздықпен) жинаған дүние-байлықтарыңа қарағанда, бұл анағұрлым қайырлы» («Жүніс» сүресі, 57-58-аятар). Осы аятқа тәпсір жазған ғалымдарымыз былай дейді: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде иман келтірген пенденің жан-дүниесіндегі маңызды бір қасиеттерін айтып еді. Алланың елшісі «Кімде кім Құдай Тағала мұсылмандық жолға түсіріп, Құранды үйреткеннен кейін де әлгі пенде дүниеге деген мұқтаждығын, кедейлігін айтып жылана берсе, екі көзінің ортасына «қайыршылық» деген сөз жазылып Қиямет Қайымға дейін сақталады» деп келетін 10-сүренің (яғни «Жүніс» сүресін) 58-аятын оқыды».
Шын мәнінде, Құран оқу, жаттау, оған амал ету, аяттардың мағынасын терең ойлану дүние мен оның ішіндегі барлық нәрседен қайырлы. Құранға жақын адам Аллаға жақындай түседі. Аллаға жақындай түскен пенденің жүрегі тыныштық табады. Жүрегі тыныштық тапқан адам ешнәрседен қорықпайды. Жоғарыда келтірілген аяттардың жалғасында былай делінген: «Ақиқатын айтсақ, Аллаға жақын жандар еш қорқуды білмейді және уайым-қайғыдан қапа болмайды» («Жүніс» сүресі, 62-аят).
Құран жаттаған адам ерекше мәртебеге ие болады. Соның бірі – отбасына, жақын туыстарына шапағат ету нығметі беріледі. Бұл – үлкен жетістік әрі баға жетпес мүмкіндік. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім Құранды оқып оны жаттаса және ондағы адалды адал деп, арам нәрсені арам деп санаса, Алла Тағала оны жәннатқа кіргізеді. Әрі ол отбасындағы тозаққа кіруі уәжіп (міндет) болған он кісіге шапағатшы етеді».
Құран оқыған адамға оқыған Құраны шапағат ету мүмкіндігін береді. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Рамазан айында көп Құран оқыған. Кейбір хабарларда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аяғы ісіп кеткенше намазда тұрып Құранды оқығаны айтылады. Хадистердің бірінде: «Ораза мен Құран Қиямет күні пендеге шапағат етеді. Ораза: «Уа, Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жеуден тыйдым. Менің шапағатымды қабыл ет» десе, Құран: «Уа, Раббым! Мен оны түнде ұйқысынан айырдым. Менің шапағатымды қабыл ет» дейді. Кейін олардың шапағаты қабыл етіледі» делінген.
Кез-келген мұсылман қамшының сабындай қысқа ғұмырында ата-анасына жақсылық жасап, олардың ризалығын алуға тырысады. Өйткені мұсылман Алланың разылығы ата-ананың разылығында екенін жақсы түсінеді. Сол үшін ата-анасына барынша жақсылық жасауға асығады. Расында ата-анаға жасалатын жақсылықтың ең абзалы – Құран оқу, соған сай іс-әрекет ету. Бұл туралы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім Құран оқып, соған сай іс-әрекет етсе, Қиямет күні Алла Тағала оның ата-анасына тәж кигізеді...» деген хадисі бар. Ата-анамызға Қиямет күні тәж кигізгеннен басқа қандай бақыт болуы мүмкін?!
Пенде болған соң мына өмірде әркімге және әр нәрсеге қызығамыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нағыз қызығатын екі адамды меңзеп былай деген: «Қызығушылық тек екі түрлі адамға тән. Бірі – Алла Тағала оған Құран ілімін бергеннен кейін, ол онымен күндіз-түні амал еткен адам. Екіншісі – Алла Тағала оған дәулет бергеннен кейін, ол оны күндіз-түні Алла Тағала жолына жұмсаған адам».
Рамазан – Құран айы. Сахабалар мен ғалымдарымыз бұл айда Құранды бірнеше рет хатым еткені туралы хабарлар жеткен. Рамазан айында Құранды кемінде бір рет хатым ету – сүннет. Ендеше, Құран айында сауаптан құр қалмайық, ағайын!
Ермек МҰҚАТАЙ,
Өскемен өңірінің бас имамы
«Мұнара» газеті, №7, 2022 жыл