Жақып пайғамбар (ғ.с.) Әзірейіл періштемен (ғ.с.) дос еді. Бір күні Жақып пайғамбар (ғ.с.) Әзірейілге (ғ.с.): «Әй, досым, бұл жолы менімен жүздесуге келдің бе, жоқ, жанымды алуға келдің бе?» – деп сұрайды. Әзірейіл (ғ.с.) қал сұрау ниетімен келгенін білдіреді. Мұны естігенде Жақып (ғ.с.): «Әй, Әзірейіл, саған мынадай өтінішім бар, алда-жалда жанымды алуға келгендей болсаң, алдын-ала ескерткеніңді қалар едім», – дейді. Әзірейіл: «Әрине, о не дегенің?! Міндетті түрде саған екі, үш хабаршы жіберемін», – деп уәде береді.
Жақып пайғамбардың (ғ.с.) өмірлік дәм-тұзы таусылғанда, аяқ асты Әзірейіл періште (ғ.с.) пайда бола кетеді. Жақып пайғамбар (ғ.с.) тағы да оның қандай мақсатпен келгенін сұрайды. Әзірейіл (ғ.с.) аманат жанын алуға келгенін білдіреді. Жақып пайғамбар (ғ.с.): «Әй, періштем, маған алдын-ала хабар беретініңді айтпап па едің?!» – дегенде, Әзірейіл періште (ғ.с.): «Саған мен алдын-ала үш хабаршы жібердім. Әуелі шашың ағарды. Баяғы күш-қуатың кеміп, сырқатың күшейді, денеңді тік ұстай алмай еріксіз белің бүгілді. Әй, Жақып, бұлар менің барлық адам баласына жіберетін алғашқы хабаршыларым», – деп жауап берген екен.