Жаңбыр жауғызған намаз

Жаздың аптап ыстық күндерінің бірінде хазіреті Әнас (р.а.) бағбаншыға барып хал-жағдайын білді. Жаңбырдың жаумағанынан бақшаның қурап бара жатқанынан хабар алды. Осы жағдайдан кейін хазіреті Әнас (р.а.) пайғамбарымыз Мұхаммедтің (ﷺ): «Қандайда бір мұқтаждық жағдайы болған адам екі рәкәғат намаз оқып, артынан Аллаға дұға етсін!» - деп айтқан өсиетіндегі «қажет намазды» есіне түсірді. Сосын су әкеліп дәрет алды да намаз оқыды. Сәлем бергеннен кейін бағбанға қарап:

-Көк аспаннан бір нәрсенің тамғанын көріп тұрсың ба? – деп сұрады.

Бағбан:

-Көре алмадым, - деді еш нәрсе байқамағанын білдіріп. Хазіреті Әнас (р.а.) қайтадан екі рәкәғат намазын оқыды да бағбанға бірнеше мәрте:

-Көк аспаннан бір нәрсенің тамғанын көріп тұрсың ба? – деді. Бағбан: -Құстың қанатына ұқсас бір бұлтты көріп тұрмын, - деді таңдана.

Бұл жауапты естіген хазіреті Әнас (р.а.) намазы мен дұғасын тоқтатты. Сәлден соң жанына бағбан кіріп: -Әуелгіде көк аспан қара бұлтпен торланып сала берді. Сосын жаңбыр жауа бастады, - деп болған жағдайды баян етті. Сосын хазіреті Әнас (р.а.) бағбанға: -Онда атқа мін де, жаңбырдың қай жерлерге дейін жауғанын қарап кел! – деп жібереді.

Бағбан төңіректі шолғанда, жаңбырдың тек хазіреті Әнастың үлкен бақшасына ғана жауғанын көреді.