Білім алу – құлшылық

Ізденіс пен білімнің арқасында әлемде күн сайын түрлі жаңалықтар ашылуда. Кезінде сағымдай болып көрінген нәрселер, қазіргі таңда ғылым-білімнің арқасынада өңге айналды. Білім алып, сауаттылықты арттыру қазіргі заманымыздың талабы. Өз заманында Абылай хан (1771—1781 жж.): «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік», - деп айтып кеткендей, қазір ғылымда озат елдердің дамитын заманы жетті. Сол сияқты, білімнің қадір-қасиетін ұққан бабаларымыздан «білекті бірді жығар білімді мыңды жығар» деген нақыл сөз қалған.

Білім тек өнеркәсіп пен техника саласын меңгерумен ғана емес, руханият пен ахлақ тұрғысынан да дамуы аса маңызды. Жастарды сауатты, иманды, көркем мінезді етіп тәрбиелеу қажет. Әл-Фараби (870-950 жж.) бұл турасында: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы», - деп ескерткен.

Асыл дініміз Ислам – әрдайым ізденіске шақырып, білім алуға бұйырды. Соңғы Пайғамбар Мұхаммедке (с.а.с.) 610 жылы жіберілген Құран Кәрімнің алғашқы аяты «Сені жаратқан Раббыңның атымен Оқы!» әмірімен басталуы бізге білім алудың қажет екендігін көрсетеді. Алла Тағала білімділердің сауатсыздардан беделі жоғары болатынын және білімнің мән-маңызын көрсету үшін: «(Ей пайғамбарым!) Сен айт: Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» [Зумәр, 9], деген аятты түсірді.

14 ғасыр бұрын түскен Құран Кәрім адамзаттың дүниелік танымының кеңеюіне түрткі болды. Әлемнің үнемі қозғалыста екенін, жердің күнді айналып жүргенін, күннің де белгілі бір жерге қарай қозғалып жатқанын, таулардың да бұлт секілді қозғалыста болатынын, таулар қазық қызметін атқаратындығын, көк пен жер тұтас болып, кейін олардың ажыратылғандығы (биг-бен теориясы) және т.б. түрлі күрделі ғылыми  жайттарды баян етеді. Құранда Алла Тағала:

 «(Аллаһ) тіреусіз көрген көкті жаратты да сендерді теңселтеді деп, жер бетінде асқар тауларды қойды. Сондай-ақ бүкіл жәндікті өргізді де көктен жаңбыр жаудырып, онда әртүрлі көркем жұбымен өсімдіктерді өсірдік» (Лұқман 10).

«Шәксіз көктердің және жердің жаратылуында түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар» (Әли Имран 190).

«Ақиқатында аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында, адамдар үшін пайдалы нәрселер мен теңізде жүретін кемеде және Алланың аспаннан су түсіріп, онымен жер тіршіліксіз қалғаннан кейін оны тірілтуінде әрі онда түрлі жануарларды таратуында және желдердің алмасуында, аспан мен жер арасындағы бағынышты бұлттарды басқаруында ақыл иелері үшін (Жаратушының бірден бір екенін дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар» («Бақара» сүресі, 164-аят).

«Кімге хикмет берілген болса соған өте үлкен игілік жасалған» (Бакара 269) және осы сияқты басқа да аяттар мұсылмандарды ізденіске, әлемді тануға құлшындырды.

Мұсылман мәдениетіндегі ғылым білім саласының дамуына қозғау болған тағы маңызды орын алатын факторлардың бірі пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті болып табылады. Мұхаммедтің (с.а.с.) іс-әрекеті, айтқан насихаты мұсылмандардың білімге деген құлшыныстарының артуына ерекше түрткі болды. Мәселен, «Аллаһ қандай ауру берсе, соның шипасын да берген» деген сөзі мұсылман үмметінің медицина саласына зор еңбек сіңіруіне себеп болды. Сол сияқты: «Үмметіме қиындық тудырмағанда, әр дәретте мисуак қолдануды бұйырар едім», «Бір жерде оба болса, сол жерге бармаңдар, егер болған жерде бұл ауру шықса сол жерден шықпаңдар» деген құнды хадистер гигиена мен сақтық шараларының маңызын көрсетеді.

Пайғамбарымыздан (с.а.с.) адамдарды ғылым ізденуге ынталандыратын мынандай риуаяттар да жеткен:

«Ілім үйрену – еркек болсын, әйел болсын әрбір мұсылманға парыз»;

«Аллаһ мені мұғалім етіп жіберді»;

«Білім алу тал бесіктен жер бесікке дейін»;

«Ғылымнан бір мәселе үйренуің мың ракағат нәпіл намаздан да қайырлы»;

«Ғалымдар пайғамбарлардың мирасқорлары»;

«Ғалымдарға құрмет еткен маған құрмет еткен болады. Маған құрмет еткен Аллаһқа құрмет еткен болады. Ғалымдарға құрмет етіңдер өйткені олар Аллаһ құзырында көктегі жұлдыздардай»;

 «Ғалымның сиясы шаһидтің қанынан артық»,- деген.

Алғашқы кезеңде мұсылмандардың білімге деген құлшыныстарының ерекше болғаны соншалық, Умауи дәуірінде ислам тараған аймақтарда араб тілі, әдебиет, хадис, тәпсір, тарих, фиқһ және фәлсәфә, діни-әлеуметтік білімдердің жанында медицина мен химия сияқты  позитивтік ғылымдардың негізі қаланды. Мешіт мұсылманның құлшылық қылатын орындары ғана емес, сонымен қатар, оқу-жазуды, Құран оқуды, шариғат ілімдерін және басқа ілім салаларын меңгеретін мектеп қызметін де атқаратын болған.

Белгілі мұсылман ойшылдары білімнің артықшылығы турасында былай деген:

Ибн Аббас (р.а.) (619-687 жж.): «Мен үшін түннің аз да болса бөлігін ғылым үйренумен өткізу, түні бойы ғибадат етуден жоғары» дейді.

Хасан Басри (641-728 жж.): «Ғалымдар болмаса, адамдардың басқа жан иелерінен айырмашылығы болмас еді. Өйткені олардың оқытуымен адамдар адамдық дәрежеге жеткен» дейді.

Али ибн Әбу Талиб (р.а) (599-661 жж.): «Ілімсіз ғибадатта, түсінбей оқыған ілімде және ойланып, мән бермей оқуда еш жақсылық пен берекет жоқ» деген.

         Дініміз білім алудан бөлек, білім иелеріне, ұстаздарға құрмет көрсетуге шақырады. Оны біз мына оқиғадан да аңғарамыз:

Ұлы түрік билеушісі Явуз Сұлтан Сәлім Мысырдан қайтып келе жатқан кезінде жанында атақты дін ғалымы Ибн Кемалмен 1465-1520 жж.) бірге балшықты жерден өтіп бара жатады. Ибни Кемалдың (1469-1536 жж.) астындағы аттың аяғынан шашыраған балшық Явуздың киімдерін ластап, Ибн Кемал қысылып ұялады. Ұстаздың қысылып, қымтырылғанын көрген Явуз Сұлтан Сәлім: «Қысылма ұстазым! Ғалымның атының аяғынан шашыраған балшық – біз үшін әшекей, ою-өрнек. Бұл көйлек осы балшығымен сақталып, өлгенде табытымның үстіне қойылсын» - деп өсиет айтып, ғалымдарға деген құрметтің үлгісін көрсете білген [Metin Köse. Yeni Nesil Yeni Toplum. - İstanbul, 1995. – S. 56].  

Ыбырай Алтынсарин (1841-1889 жж.) бабамыз да жастарды білімге баулу арқылы жүрек көзін ашып, имандылыққа тәрбиелеуді көздеген:

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

Оқу білген таниды

Бір жаратқан құдайды,

Танымаған құдайды

Не ғылғанда ұнайды? - деген екен.

Абай Құнанбайұлы (1845-1904 жж.) атамыз да білім алуға үгіттеген:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - деген.

         Тағы бір сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады», деп дөп басып айтқан.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Адамдардың ең қайырлысы адамдарға пайдалы болғандары» дегендей, әрбір мұсылман қоғамға, өзгелерге пайдасын тигізіп, Раббысын разы етуге әрекет жасауы керек. Сол сияқты білім алу, ой өрісін дамыту, білген, түйген нәрселерді келешек ұрпаққа жеткізу, ғылыммен шұғылдану аса маңызды іс. Халқымызда «Ғалымның хаты өлмейді, Жақсының аты өлмейді» деген қанатты сөз бар. Бұл да соның айғағы.

Білім алу - Аллаға ұнамды іс, ал Аллаға ұнамды істердің бәрі де - құлшылық.

Ғалымжан Шерниязов

«Өтеген» ауылдық мешітінің бас имамы