Білімсіз өзін де, өзгені де адастырады

Білімсіздік – адамның ең қауіпті дұшпаны, ең қатерлі дерті. Себебі адамның білімсіздігі тіпті оның ата жауы да түсіре алмайтын шұңқырға құлатуы мүмкін. Өйткені ол білімнен мақұрым. Білім адамды адами қасиетке ұластырып, адам екенін нақтылайды. Ал білім болмаса, адам хайуаннан да бетер нашар халге түседі. Сол үшін де дана ақындарымыз «Адам болып келген соң, адам болып қайту-арманым» деген екен.

Мұсылмандардың алғашқы төрт әділ халифасының бірі – Әли ибн Әбу Тәліп аса білімдар адам болған. Білімінің арқасында ел ол кісіні «ілімнің қақпасы» деп атаған. Бірде, замандастары оған 10 адамды кезекпен жіберіп, бәріне бірдей: «Білім артық па, байлық артық па?» деген сұрақты қойдырған екен. Сонда Хазіреті Әли әрбір сұраққа әртүрлі дәйектемелермен былай деп жауап берген екен:

- Білім артық, өйткені, ол – пайғамбарлардан қалған мирас, байлық-бақылдардан қалған мұра.

- Білім артық, білімдінің жанында адал достар көп болады, ал бай адамның қасында амал достар көп болады.

- Білім артық, ол досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.

- Білім артық, оны қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсай берсең, бір күні түгесіледі.

- Білім артық, оны ұры-қарыдан сақтаудың керегі жоқ, ал жиған дүниеңді сырт көздерден қорғаштаумен өтесің.

- Білімің көп болса ел саған қызығады, ал байлығың көп болса ел сені қызғанады. Білімнің артық болатыны сол.

- Білім артық, білімің көп болғанмен есеп-қисап жүргізбейсің, ал байлығыңа ұдайы есеп жүргізіп тұруың керек.

- Білім қанша көп болса да іріп-шіріп кетпейді, дүние-мал болса бүлінеді, сондықтан да білім артық.

- Білім артық, ол кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық болса сараңдық пен қомағайлығыңды арттырады.

-  Шынайы білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, сол себепті білім артық.

Білімді адам кедейліктің қақпанына түспейді, шынайы байлық болып саналатын рухани байлыққа ие болады. Өзін әркезде сенімді ұстап, абыройын асқақтататын да білім.

Қазіргі уақытта дінді желеу етіп, мемлекет тыныштығына нұқсан әкелетін көптеген бұрын соңды қазақ қоғамы кездестірмеген мәселелер ортаға шығып отыр. Соның бірі қазіргі уақыттағы жастардың діннің сыртқы формасына үңіліп, асыл діннің ішкі рухани мәніне көз жібере алмауы. Барлығына кінәлі сауатсыздыққа, білімсіздікке негізделген соқыр сенім, радикал түсінік.

Жиырмасыншы ғасырдың (Кеңес үкіметі тұсындағы) қараңғылығынан шығып алтын ғасырға бет алған заманда, жоғымыз табылып, өшкеніміз қайта жанды, ата дінімізбен қауыштық деп отырғанда, қателікке бой алдырмауымыз керек. Шындығында қателіктің  барлығы өткеннен сабақ алмау, білуге ұмтылмаудан шығады. Өзің оқып, білуге ұмтылмай, дін атынан сөйлеген сауатсыздарды тыңдап, амал қыла берсек орға жығылатынымыз анық. Бұл жайлы ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Кәззәп (өтірікші) болудың ғаламаты, естігеніңді айта беру» деген. Қазіргі күнде имандылыққа иіліп, дінге мойынсұнған көп адамның діни сауаты мәз емес.

Дін деген өте нәзік нәрсе. Құдды сіріңке іспетті. Сіріңкені біріне-бірі қарама-қайшы екі мақсатта қолдануға болады. Не от жағып, ас пісіресіз, не біреудің шөбіне өрт қойып, ала жаздай жасаған еңбегін еш етесіз. Дінді жүрдім-бардым ұстанып, кім болса содан үйреніп немесе дінмен интернет арқылы танысып ұстанудың нәтижесінде қаншама жастардың өмірі күл талқан болды. Бірі Сирия асты, бірі террорлық актіге қатысты, енді бірнеше әйелге үйленіп оны талақ етіп қор етті. Міне, мұның барлығы дінді көшеден, әлдебір бейтаныс адамдардан үйренудің салдары. Негізі кез-келген мамандық секілді діни сала да арнайы оқып, жылдарын арнап, еңбекпен меңгеретін мамандық. Мысалы: біз денсаулығымыз сыр берсе арнайы медициналық білімі бар маманға ғана жүгінуді жөн көреміз. Ал бұл саланың маманы емес адам сізді емдеймін десе, оған денсаулығыңызды сеніп тапсыруды қаламайсыз. Себебі: маман емес. Дәл сол секілді дін мәселесінде де біз өте қырағы болуымыз керек.

Дінді көшедегі біреуден үйренген адам өмірін сол көшедегі бейтаныс адамға тапсырған болып саналады. Біздің жастардың басым көпшілігі шынында осы мәселеге немқұрайлы қарайды. Дінді әлдебір таныстардың таныстарынан, қоғамдық жерде танысып қалған кісілерден үйрене береді. Соның нәтижесінде «намаз оқымаған адам кәпір», «домбыра тарту харам», «ата-бабамыз адасқан екен» деген пікірлерді еш сүзгісіз қабылдай береді. Бізде көп азаматтар дінді арнайы ғылым деп бағаламайды.Олардың пайымдауынша дін дегеніміз өліге Құран бағыштау, түс көрсең соны жору т.б. қарапайым жоралғылар жиынтығы. Негізінде дін ғылымдардың атасы екенін олар қаперіне алмайды. Бұл да діни сауаттың кемшіндігінен қалыптасқан стереотип.

Білімсіз өмір көр демекші, білімсіз адам тірі өлікке айналады. Ал ондай адамнан не өзіне, не қоғамға пайда болмайды. Хәкім Абай да осы ақиқатты мына жолдармен баяндайды: «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын». Осыдан-ақ түйіндейтініміз, жалпы адам деген ұғым надандықтың қас жауы, әрдайым ізденісте болған болған білімдіге қолданылады. Расында да нағыз адам мейлінше ел-жұртына пайдалы болуға тырысады. Тіпті ең кемі өз жақындарына, отбасына қандайда бір пайда келтірсем деп ойлайды. Білімсіз болып өзімізді де, өзгені де адастырудан сақ болайық.

Түркістан облысы дін

мәселелерін зерттеу орталығының

Айдана Борибекова

Теолог маман