Жүсіп пайғамбар (а.с.) жүз қырық төрт жыл жасаған...

Алла Тағала: - Уа, Жақып! Өз отаныңа қайт! Сен сол жерде өлуің керек. Әкеңнің қабіріне бар.

Осыдан кейін Жақып пайғамбар (а.с.) Мысырды тастап, Иерусалимдегі Ибраһим мен Ысқақтың (а.с.) қабірлеріне барады. Сол кезде мәртебелі Жақып (а.с.) жүз алпыс жаста еді, алайда ол жүз қырық бес жаста болды дегендер де бар. 

Тақуа Ибраһимнің (а.с.) қабірінің басына келген Жақып (а.с.) ұшып жүрген періштелерді байқайды.  Жақып (а.с.) ішінде әртүрлі  төсеніш пен құс жастық бар моланы көреді.

- Уа, періштелер! Бұл кімнің моласы? - деп сұрайды.

- Бұл Ибраһим балаларының қабірі, - деп жауап береді періштелер.  Мәртебелі Жақып (а.с.) сол жерге жерленгендерді зиярат етіп шықпақшы болып еді, бірақ періштелер оған:

- Кірме, - дейді.

- Неге кіруге болмайды? - деп сұрайды Жақып.

Періштелер: 

- Алдымен айырылысу шербетін іш, сосын кіре аласың, - дейді. Осылайша, Жақып пайғамбар (а.с.) айырылысу шербетін ішіп, өз өлімімен жүздесіп, жан тәсілім еткен екен. Періштелер оның денесін жуып, кебіндепп, жаназасын шығарып, оны Ысқақ пайғамбардың (а.с.) қасына жерлейді. 

Осыдан кейін Жүсіптің (а.с.) ағалары келіп оған қайғылы хабарды жеткізеді. Жүсіп пайғамбар (а.с.) бір жылап алып, былай деп айтады:

- Уа, менің Аллам! Сен мені Мысырдың сұлтаны еттің әрі түс жоруды үйреттің. Менің Сенен басқа ешкімім жоқ. Иә, Раббым! Менің де жанымды алшы. Мені Өзіңнің тақуа құлдарыңның бірі етші.

Риуаяттарға сәйкес, Жүсіп пайғамбар (а.с) Мысырда жүз қырық төрт жас шамасында көз жұмған екен. Кейбіреулер оның жасы жүз жиырмада болған деп те айтады. Мысырлықтар оның денесін мәрмәр табытқа салып, екі жағалаудағы халыққа береке әкелсін деп Ніл өзенінің ортасына қалдырған екен. 

Мұса пайғамбардың (а.с.) заманында Алла Тағала оған:

- Нілдегі Жүсіптің денесі салынған табытты шығарып, оны мәртебелі Жақыптың (а.с.) қасына жерле, - деп бұйырыпты. Мұса пайғамбар (а.с.) кім Жүсіптің денесі салынған табыттың қайда жатқанын білсе, келіп айтсын деп  хабаршыларды жан-жаққа жібереді. Сонда бір әйел:

- Мен білемін. Табыт жатқан жерді де көрсетемін, егер Жұмақта сенімен бірге болуыма келіссең, - деп айтады.  Мәртебелі Мұса келіседі, әлгі әйел оған:

- Жүсіптің денесі салынған табытты Нілдің осы жеріне тастаған болатын, - деп көрсетеді.

Мұса пайғамбардың (а.с.) бағыт-бағдар беруі бойынша, табытты судан шығарып, Иерусалимге әкеліп, сол жерге жерлеген екен.

Жүсіп пайғамбармен (а.с.) байланысты көптеген әңгімелер бар. Көбісі тәпсірлерде келтірілген, өйткені ол туралы өте көркем айтылған.  Алла Тағаланың басқа пайғамбарлар, тақуалар, түс жорығыштар, билеушілер туралы келтірген әңгімелері де бар, алайда Жүсіп туралы бір ғана әңгімені «көркем әңгіме» деп атаған. Муфассирлердің түсіндіруінше, тақуа Жүсіп басқаларға қарағанда бейнет пен азапты басынан көп өткерген, сүйіспеншілік  пен өшпенділікке, адалдық пен опасыздыққа душар болған. Құл болып жүріп, сұлтан болған. Сұлулығы үшін түрмеге де қамалған. Жан сұлулығының арқасында билеуші де болған. 

Бұл жерде біз біраз ғана таңғажайып құпияны ашып, Алла Тағаланың кейбір белгілерін түсіндіріп өтуге тырыстық. 

"Әнуарул-ашиқын" кітабынан.