Ресей мұсылмандары бұрында-ақ әлеуметтік желілерді мықты игеріп алған – бұл көп жағдайларда діндес бауырлармен араласуға үлкен демеу береді. Ислам туралы дәріс тыңдағысы келетін, дін оқуы немесе дінді ұстану туралы әлдебір сұраққа ғалымның жауабын алғысы келетін мүміндер, аға-бауыр, апай-сіңілдерінің қолдауын қажет ететін дінді жаңа қабылдағандар және өмірлік серіктерін тапқысы келетін жастар – бәрі де өз қажеттіліктерін орындау үшін әлеуметтік желілерге жүгінеді.
Кейбір кездерде әлеуметтік желілер қауіпті қаруға айналуы мүмкін – әлдебір елдегі билікті құлатуды көздеген экстремистер мен арандатушылар бірнеше мәрте өз жақтастарын ұйымдастыру үшін әлеуметтік желілерді қолданған.
Дәлірек айтсақ, 2011 жылы Мысыр, Ливия, Тунис сияқты бірқатар араб елдерін жайпап өткен заңды билікке қарсы тұрған наразылық толқыны ақыр соңында Сириядағы ұзаққа созылған азаматтық соғысқа әкеліп соққан жағдайлар дәл осы әлеуметтік желілерден бастау алғаны белгілі. 2011 жылы қыста Мәскеуде орын алған қарсылық акциясына да адамдарды әлеуметтік желілердің көмегімен жинаған болатын.
Әртүрлі лаңкестік топтардағы экстремистер өз топтарының жаңа мүшелерін көбіне әлеуметтік желілер арқылы жинақтайды, сол себепті жастар бейтаныс сұхбаттастармен әңгімелесуде аса мұқият болуы керек.
2017 жылдың көктемінде Ресейде жастар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың көптеп орын алуына да әлеуметтік желілер айыпталды, өйткені «ажал тобы» деп аталған топтарда жастарға өз-өздеріне қалай дұрыс қол жұмсауға нұсқаулар беріліп отырған.
Абайлаңыз – әлеуметтік желілерге деген тәуелділік!
Жоғарыда айтып өткеніміздей, әлеуметтік желілердің орасан зор артықшылығы мен құндылықтары бар, сонымен қатар, оның жағымсыз жақтары да жетіп артылады.
Ғаламторда ұзақ отыру қауіпті, адам шынайы өмірін виртуалды өмірмен алмастыра бастайды – мұндай уақыт өткізу созылып кетеді. Далаға шығып қыдырып келудің немесе спортпен айналысудың орнына адам уақытының көбін желілердегі бөтен біреулердің профилдерін, суреттерін қараумен өткізеді.
Өмірдің дәмін татып көрмеген жастарға әлеуметтік желілер өзіне деген сенімсіздікті және біреудің әдемі өміріне деген қызғаныш сезімін оятады, өйткені өзгелердің ашықтан-ашық өтірік айтып, қолдары жетпейтін дүниелерді өздерінікі етіп көрсетіп отырғанын олар тіпті де түсінбейді! Профилде тұрған сұлу бейне «Фотошопта» жасалады немесе тіпті басқа біреу болып шығады, ол қасына тұрып түскен керемет машина тіпті де оныкі емес, көршісінікі, ал қалалардың көрнекті жерінің суреттерін оған таныстары жіберген болатын, ал ол оны желіге бұл жерлерде өзі болғандай етіп салып қояды. Сондай-ақ, шынайы өмірде қой аузынан шөп алмас жуас, өзіне сенімсіз адам желіде өзіне батыл да сенімді адамның кейпін жасап алады да өзін мықты, ақылды, бай әрі сұлу етіп көрсететін болады. Осылайша, шынайы өмірде жұмған аузын ашпайтын адам желіде өзін әдепсіз, өрескел етіп көрсетеді, өйткені оны ешкім білмейді, тауып та алмайды, ендеше жазалай да алмайды.
Сіздің әлеуметтік желілерге деген тәуелділігіңіз дамып келеді деп айтуға болады, егер:
- Ояна салып, жалма-жан қолыңызға телефон не планшетті алып Фейсбук немесе ВК-дағы жаңалықтарды қарай бастасаңыз, ал жатар алдында ұзақ отырып әлеуметтік желілердегі парақшаларды қарасаңыз;
- Тамақ ішіп отырғанда, қыдырып жүрсеңіз, достарыңызбен кездессеңіз, оқуда, жұмыста немесе басқа кездерде де телефоннан бір сәтке болсын айырылмасаңыз;
- Қонақта не болмаса сапарға шыққанда ғаламторға қосылу мүмкіндігі болмай, жаңалықтарды біле алмасаңыз, уайымдап, кейісеңіз;
- Сағат сайын міндетті түрде өз статусыңызды жаңартып, жаңа «селфи» суреттер салып, достарыңыздың жаңалықтарына түсініктемелер жазып отырсаңыз;
- Сіздің суреттеріңіз бен хабарламаларыңыздың қанша «лайк» алғанын қадағалап отырсаңыз, әсіресе сіздің достарыңыз көп «лайк» ала бастаса сіздің көңіл-күйіңіз түсе бастайтын болса;
Көбіне мұндай тәуелділік өмірлік тәжірибесі аз, өздерін не үй шаруасына, не қызметке, не отбасына арнамайтын жастар мен жасөспірімдерде кездеседі. Жасөспірімдер әлі де болса жеке тұлға болып қалыптаса қоймағандықтан, олар бөтен адамдардың пікіріне қатты тәуелді болып келеді, олар өздеріне көңіл аударып, байқап, оларға мақтау-қолпаштау көрсеткенді қалайды.
Ислам тұрғысынан алып қарағанда әлеуметтік желілер несімен қауіпті?
Біздің асыл дініміз уақытты зая кетірмей, оған жауапты болуға үндейді. Сондай-ақ, адам өзінің не істеп, не қойғанына мұқият болуы керек, өйткені оны адамдар көрмегенімен де оны Алла Таға көріп тұрғанын естен шығармауы тиіс.
Дін тұрғысынан алып қарағанда жоғарыда айтылған тәуелділік әлеуметтік желілерден несімен қауіпті:
- Адам уақытын мақсатсыз өткізуге әдеттеніп алады, алайда босқа өткізген уақыты үшін жауап беретін кездің келетінін естен шығармаған жөн:
«Қиямет күні пенде келесі нәрселерден сұралмай орнынан қозғалмайтын болады. Олар: өмірін қалай өткізгені; білімі туралы: оны қалай пайдаланғаны; мүлігі туралы: оны қалай тапқаны әрі қайда жұмсағаны; тәні туралы: оны қалай күтіп ұстағаны» (Тирмизи). - Біреудің сән-салтанаты жарасқан өмірін тамашалай отырып, адамдарда жаман сезім - қызғаныш пайда болады. Пайғамбарымыз (ﷺ) мүміндерге ескерткен: «Қызғаныштан аулақ болыңдар, өйткені қызғаныш от ағашты жаққандай жақсы амалдарды құртып жібереді»(Әбу Дәуд).
- Адам өз жетістіктерімен мақтанғысы келіп кетеді, бұл амалдарды көрсетіп жасайтын рия күнәсінің пайда болуына әкеліп соғады. «Кім өтірік айтса, ол бізден емес», - деп айтылған.
- Әлеуметтік желілерде араласу дау-жанжал мен ұрыс-керіске әкеліп соғып жатады, көп жағдайда біреулер туралы жаман сөздер айтылып, өсек, ғайбат сияқты күнәлар да орын алып жатады, ал мұндай мінез-құлық мүмін адамға лайық емес:«Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, тек жақсы сөз айтсын немесе үндемесін»(Бұхари, Мүслим).
- Сондай-ақ, әлеуметтік желілер жастар үшін де зиянды, өйткені мақсатсыз араласу, қарама-қарсы жыныспен қылымсушылық орын алады.
- Сонымен қатар, экстремистік ұйымдардың өкілдері жақтастарын көбіне әлеуметтік желілердің көмегімен табады – олардың қармақтарына көбінше өз діні туралы мағлұматы аз адамдар ілігеді.
Виртуалды тәуелділікті қалай жеңуге болады?
Егер әлеуметтік желілерге тәуелді болып бара жатқаныңызды сезсеңіз, оны қалай жеңуге болады?
Психологтердің айтуынша, мұндай тәуелділікті жеңу үшін мәселенің түп-тамырына қарау керек: неге сізге шынайы өмірде болғаннан гөрі виртуалды әлемде болған көбірек ұнайды?
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл сезім өзіне сенімді емес, өзін-өзі төмендете бағалайтын томаға-тұйық адамдарға тән, өйткені олар өздерін қабыл алмай қояды деп адамдармен жақын қарым-қатынасқа түсуден қорқады. Ал виртуалды әлемде адамдармен араласу оңай, себебі адамнан рухани күш талап етілмейді, кез-келген адаммен емін-еркін сөйлесіп отыра береді.
Алайда сіздің басыңызға күн туар болса, виртуалды әлемдегі достарыңыз емес көмекке шынайы өмірдегі дос-жолдастарыңыз келеді, сондай-ақ, виртуалды араласу адамның жанына еш жылулық бермейді, ал шынайы жақын туыс-туғандармен араласу жанға жылу да береді, керек кезде қолдау да көрсетеді.
Егер ғаламторда көп уақыт өткізуіңіз сіздің бос уақытыңыздың көптігін білдірсе, онда сол уақытты пайдалы нәрсеге жұмсаңыз: өзіңізге қызық бір ермек ойлап табыңыз, дін турасынан білім алыңыз, спортпен айналысыңыз, туғандарыңызға үй шаруасына болысыңыз – бір сөзбен айтқанда, қасыңыздағы адамдарға көңіл қойыңыз, олардың қандай қажеттіліктері мен қиыншылықтарының бар екенін біліңіз. Сонда Алланың қалауымен, сіздің шынайы өміріңіз толыққанды болады әрі сізге оны виртуалды әлемге ауыстырудың қажеті болмай қалады.