Біздің күнделікті тіршілігіміздің өзі көптеген әрекеттер мен амалдардан тұрады, солардың ең үздіктері игі амалдар болып табылады. Біздің асыл дініміз Ислам үнемі бізді игі, адал, пайдалы амалдар жасауға итермелеп отырады. Ислам бізді басқа жандарға көмек көрсетуге үндейді. Көмек, дұрыс бағытты нұсқау және игілік жасау біздің дінімізде аса маңызды және осындай көмекке мұқтаж бірінші жан — сіздің өзіңіз...
Күнделікті бұл фәни күйбең тірлігімен жүріп, біз ең басты адамды — өз-өзімізді жоғалтамыз да ұмытамыз. Намаз оқысақ та, асығып жүріп оқимыз, Құранның аяттарын айтсақ та, оның мағынасына терең мән бермейміз. Бұл күйбең тірлік бізге ең керек нәрсе — руханиятты жұтып алғандай көрінеді. Бізге бір нәрсенің жетпей жүргенін, толыққанды өмір сүрмей жүргенімізді жете түсінсек те, бірақ ең басты бізге жетіспейтін — нағыз жан тыныштығын таба алмай жүреміз ғой....
Кез-келген мәселенің шешімі, сол мәселені жете түсінуден басталады. Егер сіздің де өміріңізде бір рухани нәрсе жетіспейтіндей көрінсе, сіздің Алламен байланысыңыз әлсіресе, онда үзіліс алып әрі сіздің мәселеңізді шешудің кезі келді.
Өзіңізге келесі сауалдарды қойып көріңізші:
Қашан ақырғы рет дұға жасау немесе Құранды оқу барысында көзіңізге жас алдыңыз?
Қашан ақырғы рет намаз оқудан рахат алдыңыз?
Қашан ақырғы рет өзіңіздің жақындарыңыз үшін дұға жасадыңыз?
Сөреде көптен қолға алынбай жатып қалған Құран кітабын оқу керектігін, аяттары туралы ойлану керектігін біз білеміз, бірақ оған уақытымыз жоқ. Сіздің ақиретіңіз – ең алдымен, сізге маңызы бар дүние. Ақирет бақытына қол жеткізудің ажырамас бөлігі - сіздің өз-өзіңізді тәрбиелеуіңіз болып табылады, яғни, жаныңыз қиналғанда әрі рухани дамуыңыз әлсірегенде сіздің қалай әрекет етуіңіз.
Сіздегі ең басты нәрсе — сіздің өзіңіз. Мәңгілік өмірде өзіңіз үшін сіз ғана жауап бересіз. Өзіңізді және өз иманыңызды тәрбиелеу үшін уақыт бөліңіз. Қасиетті Құранда айтылғандай: «Елді игілікке бұйырып, өздеріңді ұмытасыңдар ма? Кітапты оқисыңдар, ойламайсыңдар ма?» (2:44).
Мәселенің шешілуі осы жерде, дәл қазір басталуы керек. Жағдайыңызды жақсарту бағытында нақты ниет етіп, келесі айтылғандарды жасаңыз:
- Өзіңіз үшін дұға жасаңыз.
Сіздің жаныңызды жаратқан Алла Тағаладан басқа ешкім де сізге көмек көрсетіп, сіздің жаныңызды түсіне алмайды және жаныңыздан орын алған үмітсіздікті тек Ол ғана толтыра алады.
- Біліміңізді арттырыңыз
Ислам туралы жақсы кітапты немесе рұқсат етілген басқа материалды алып оқыңыз, тыңдаңыз, осылайша біліміңізді толықтырыңыз. Осы алған білімдеріңіз сіздің иманыңызды нығайтсын.
- Намазыңызды тиянақты оқыңыз
Намазға деген көзқарасыңызды өзгертіңіз, намазға күнделікті құлшылық ретінде қарамаңыз, намаз — сіздің күллі әлемнен оңашаланатын ерекше уақытыңыз болсын, әрбір намазыңызды — соңғы намаз оқығандай оқыңыз…
- Құран оқуға уақыт бөліңіз
Құран оқуға тым болмаса 15 минут уақытыңызды бөліңіз. Құран аяттарын оқуды күнделікті әдетіңізге айналдырыңыз. Құранды оқыңыз да ойланыңыз, Құранда – Алла Тағаланың мейірімі мен сүйіспеншілігі бар.
- Бүгін түнде тәһәжуд намазын оқыңыз. «Бисмиллә» деп айтып, өзіңізге үздік үлгі болуға, бір сатыға болсын жоғары тұруға тырысыңыз және мұны бүгіннен осы 5 қарапайым амалдан бастаңыз.