Барлық мақтау мен мадақ Аллаға лайық. Алланың сәлемі мен игілігі ардақты пайғамбар Мұхаммедке (сау) болсын.
Қоғам жеке-жеке адамдардан құралған екендігі баршамызға мәлім. Өйткені, адамсыз ешбір қоғам болмайды, болмағанда. Әрбір адам қоғамның бір мүшесі, бір бөлшегі болып табылады. Олай болса, қоғамның дамуы үшін әрбір адамның үлесі бар деген сөз. Әсіресе, жастардың қоғамдағы рөлі өте маңызды. Себебі, қандай да бір елдің бүгіні мен болашағы жастар болып табылады. Әрбір мемлекеттің мықты, бәсекелестікке төтеп беретін, озық елдердің қатарында болуы үшін жастардың қосар үлесі орасан зор. Ғалымдар «Қандайда бір мемлекеттің болашағының қалай болатындығын білгің келсе, олардың бүгінгі жастарына қара»,- деп бекерге айтпаған болса керек. Олай болса, жастардың қоғамға қосар үлесі орасан зор десек, сол жастарды қалай тәрбиелеген жөн? Қандай тәрбие беру керек?
Психология деген сөз латын тілінен аударғанда «жантану» деген мағынаға сәйкес келеді. Психология - адам баласына жүрек тыныштығын беріп, өмірге деген құштарлығын, адамсүйгіштік қасиеттерін оятады. Психология - адамның ішкі жан дүниесін зерттеп, рухани күйзелістер мен адамның әр түрлі психикалық күйлерін саралайды, емдейді.
Психология ғылымының қашан шыққандығына қатысты ғалымдар арасында талас-тартыс бар. Біреулері ертеден бар десе, енді біреулері ол өз басына жеке ғылым емес философияның бір тармағы еді дейді. Қалай боланда да, психология ғылымы ғылым ретінде 19-ғасырдың соңғы ширегінде құрылды. Ал, психология ғылымының зерттеу алаңы болған адамның рухы, рухани жан-дүниесі, өлім, өлімнен кейінгі өмір, рухани күйзелістер мен аурулар, адамның қорқыныштары мен таңдау еркі жайында ескі замандардан бері келген даналық сөздер мен көзқарастар бар. Алайда, Құран Кәрім мен пайғамбар Мұхаммедтің (сау) сөздерін зерделеп қарайтын болсақ, нағыз психологияның сонда жатқанын көреміз. Олай болса, ислами психология деген не? Ислами психология мен рухани тәрбие арасында қандай байланыс бар? Қысқаша тоқталар болсақ:
Ислам діні негізгі үлкен үш тармақтан тұрады. Олар ақида - сенім-нанымға қатысты мәселелер; ғибадат – адам баласының құқықтары мен міндеттерінін қамтитын мәселелер; ахлақ немесе тасаууф – адам баласының этикалық, эстетикалық қарым-қатынасын қамтитын мәселелер болып табылады.
Ең әуелі кез келген адам баласы бір құдіретті күшке мұқтаж болады. Өзінің қайғы-мұңын шағатын, басына қиындық түскен, қайғырған, барлық адамнан көңілі қалған уақытта сол құдіретті күшке мұқтаж екендігін түсінеді. Соған жалбарынады. Ислам дінінде бұны адам баласының өзінің жаратушысын тануы деп біледі. Сондықтан да, мұсылмандықтың бірінші шарты Алладан басқа құдіретті күш Тәңір жоқ екендігін мойындау болып табылады. Осылайша, өзінің жаратушысы, қорғаушысы, қамқоршысы бар екенін таныған адам психологиялық тұрғыдан бір саты жоғарлайды. Алла тағала Құран Кәрімде ол жайлы Рағд сүресі 28-аятта былай деген: «...Біліп қойыңдар, жүректер тек Алланы еске алумен ғана тыныштық табады». Осылайша, пенденің бір жаратушыға деген сенімі ол адамды түрлі уайым-қайғыдан, жүрек ауруларынан, психологиялық күйзелістерден тағы да басқа жүрекке байланысы бар барлық зиянды аурулардан арылтады.
Келесі кезекте, адам баласының психологиясы мен тәрбиесіне шариғатың белгіліп берген құлшылық-ғибадаттары да өте маңызды рөл ойнайды. Мәселен, намазды алып қарайтын болсақ, Алла тағала Анкабут сүресі 45-аятта: «...Расында намаз арсыздық пен жамандықтан қорғайды...», - деген. Сонымен қатар, намаз адам баласын тәртіпке, жүйемен жүруге, уақытты тиімді пайдалануға, тазалыққа, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелейді. Өйткені намаздың парыз болуының себебі адам баласын жамандықтардан тыю, күнәлі істерден аулақ ету, тек жақсылық жасау мен мейірімділікке, адамсүйгіштікке алып бару.
Ал, намаз дәретсіз дұрыс болмайды. Намаз оқитын адам көрінетін шынайы ластықтан таза болу керек сияқты, рухани нәжістерден де ада болу керек. Рухани кірден тазару үшін намаз оқитын адам белгілі ағзаларын сумен жуу арқылы немесе су жоқ жағдайда таза топрақпен сипалау арқылы орындалады. Намаз бір күн ішінде бес уақытқа бөлініп қойған. Оның да бір белгілі сыры бар. Адам баласы күніне бес уақыт намазды әр түрлі уақыттарда орындау арқылы өзін күналардан, жаман іс-әрекеттерден қорғайды. Осылайша, намаз адам баласын күні бойы қорғауда ұстайды.
Алла тағала мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстауды белгілеген. Бұның да рухани және психологиялық тәрбиесі зор. Ораза ол үлкен бір мектеп деседе болады. Ол мектепте адам баласы сабырлыққа, қанағатшылыққа, жанашырлыққа, мейірімділікке, қарапайымдыққа тағы да басқа көптеген жақсы қасиеттерге үйренеді. Керісінше, ысрапшылық, ашкөздік, қанағатсыздық, сабырсыздық, қатыгездік, тәкаппарлық тағы да басқа жаман қасиеттерден аулақ болуды үйретеді. Осылайша, рухани тұрғыдан кемелдене түседі, адам психологиясына теріс әсер беретін жаман қаситтерден арылады. Алла тағала Бақара сүресі 183-аятта: «Ей, иман еткен қауым сендерден бұрын өткен қауымға парыз етілгендей сендерге де тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау парыз етілді»,- деген. Бұл аяттағы тақуалыққа жету деген сөз рухани тәрбиелі, өнегелі адам болу үшін деген сөз. Ал, пайғамбарымыз (сау) ораза ұстаушы адам жайында былай деген: «Кім (ораза ұстап жүріп) жаман сөз айту мен жаман іс-әрекеттер жасаудан тыйылмаса, оның (күні бойы) тамақсыз аш, сусыз шөлдеп (ораза ұстап) жүргенінің Аллаға еш керегі жоқ». Олай болса, оразаның мақсаты адам баласын жаман сөз бен жаман іс-әрекеттерден арылту болып табылады.
Зекет пен садақа да дәл сондай, адам баласына беретін рухани және психологиялық пайдасы өте көп. Өйткені зекет деген сөздің тілдік мағынасының өзі «тазару», «ұлғаю, көбею» дегенді білдіреді. Садақа не зекет беру бай адамды сараңдықтан қорғаса, кедей адамды көреалмаушылық, қызғаншақтық сияқты жаман қасиеттерден қорғайды. Сол сияқты зекет беру адам баласына мейірім, жанашырлық, жомарттық қасиеттерін сыйлайды. Садақа берген адам бойында бір жеңілдік сезініп, рахат бір күй кешеді. Бұлда бір психологиялық тұрғыдан кемелдену болып саналады.
Бұдан басқа да құлшылық ғибадаттар мен тыйымдардың арт жағында рухани тәлім-тәрбие мен психологиялық кемелдену, тәрбиелену жатыр. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталар болса, сөз өте ұзап кетері анық.
Ислам дінің үшінші тармағы саналатын сопылықтың, басқаша айтқанда ахлақ, көркем-мінездің де, рухани тәрбиеге қосар үлесі орасан зор. Адам баласын түрлі кемелдену сатыларынан өткізу арқылы ең соңында «кемелденген нәпсі» деген дәрежеге алып келеді. Бұл дәрежеге жеткен адам жаман іс-әрекет істеу, жаман сөз сөйлеу деген былай тұрсын, жаман ойлау дегеннен де арылады. Тек қана жақсылықтар ойлап, жақсы істер істейтін оңшыл позитивті, әр нәрседен тек жақсылық күтетін оптимист тұлға қалыптасады. Адам баласын күйзеліске түсіретін көреалмаушылық, тәкаппарлық, қызғаншақтық, жаман ой сияқты нәрселерден арылтады. Бұны сопылық ілімінде «тәзкиятун-нәфс», яғни нәпсіні тазарту деп атайды. Бұл бөлім адам баласының ішкі жан-дүниесімен жұмыс істейді. Ең әуелі ішкі дүниені тазартады. Адамның бойындағы жаман мінездер мен жаман қасиеттерден арылта отырып, жақсы көркем мінездер дарытады.
Осыған қоса Исламдағы сауап және күнә деген ұғымдар адам баласының рухани тәрбиеленуіне көп көмегін тигізеді. Күнә деген ұғым адамды жаман іс-әрекеттер мен жаман сөздерден, жаман қасиеттерден қорғаса, сауап деген ұғым керісінше жақсы сөз, жақсы ой, жақсы істерге итермелейді. Міне, осылайша адам сауап үміте ете отырып өзін жақсы мінездермен толықтырады, қоғамға пайда келтіреді; күнәлі істің соңынан қорқа отырып жамандық істеуден тыйылады, ешкімге зиян бермейді.
Осы жолдар арқылы біз жастарды дұрыс жолға салып, бағыт-бағдар береміз. Қоғамға пайдалы, еліне жанашыр, халқын сүйетін, жалпы адамзатты сүйетін, құрметтейтін ұрпақ тәрбиеленіп шығады. Сол кезде Платонның арманап кеткен «идеалдық мемлекетін» құруға болатынын көре аламыз.
Қорыта айтар болсақ, Ислам діні ақида (сенім), ғибадат және ахлақ (тасаууф) деген үлкен үш бөлімнен құралған. Осы үш бөлімнің де мақсаты адам баласын рухани тәрбиелі, психологиясы дұрыс, оптимисттік ой қалыптасқан тұлға етіп шығару. Жоғарыда айтып өткенімдей, біріншіден, сенім тұрғысынан бір Жаратушының бар екенін мойындап, соған жалбарынып, содан ғана сұраған адам дүниелік өткінші қиындықтарға мойымайды, сағы сынбайды. Екіншіден, Алла тағаланың белгілеп берген құлшылықтары мен тыйымдары адам баласын түрлі жаман қасиеттер мен жамандықтардан қорғайды. Үшіншіден, рухани тәрбие саналатын тасаууф - пендені ең төменгі дәрежеден ең жоғары дәрежеге дейін көтеріп, ешқандай қиындықтар әсер етпейтін, рухани сау тұлға етіп шығарады. Міне, осынай сатылардан өткен, осындай тәрбиемен өскен адам қоғам үшін ең керекті, таптырмас үлгі, өнеге болып саналады.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Akif Nuri, «Islama göre insan psikolojisi», İstanbul, 1973;
- Ekrem Özboy, «İnsan psikologisi ve İslam», İstanbul, 2017;
- Махмут әл-Баттани, «Әл-Ислам уа илмун-нафс»
- Абдулазим бин Бәдуи, «әл-Уасая әл-Минбария», 2000ж.
- Халифа Алтай, «Құран Кәим қазақша мағынасы және түсінігі», 1991ж.
- Имам Бухари, «Сахих Бухари», Бейрут, 2012ж
Мурат Нурлан
«Һибатулла Тарази» медресе-коллдежі ұстазы