Ұйқыда жатып Алланың разылығына қалай қол жеткізуге болады?

Ұйқы да құлшылықтың бір түрі

Бүгін сіздермен бір қарағанда ең қарапайым нәрсе болып көрінетін ұйқыны дін турасынан қарастырып көреміз және осы мақалада баяндалатын пікірлер сіздің ұйқыға деген көзқарасыңызды түбегейлі өзгертер деп сенеміз. 

Ұйқы – Алланың ұлы мұғжизаларының бірі. Бұл өмірде адам екі негізгі қалыпта болады: бірі – ұйқыда, бірі – ояу. Күн мен түн секілді алма-кезек. Ұйқы уақытымыз бен өмірімізге қожайындық жасайды. Пенде өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді екен. Ол шектен тыс көп болса да, аз болса да ауруға шалдығады екенбіз.

Сол себепті, ұйқыны да адамға пайдалы етуге, құлшылыққа айналдыруға себеп болатын сүннеттер бар. Бұл сүннетке еру – сауапқа жетелейді, яғни, ұйқы қанық болса намазымыз, оразамыз дұрыс атқарылады, түрлі дұғалар арқылы жаман түстер, шайтанның құлағымызға сыбырлап, азғыруынан қорғаламыз.

Сонымен, ұйқы біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, ұйқысыз өмір сүру мүмкін емес. Бұл да Алла Тағаланың бізге демалуға берген мейірім-уақыты. Алла Өзінің жаратқан құлдары үшін түнді жаратқан, түні бойы ұйықтап, демалған адам күш жинап, ары қарай Алланың берген рыздығын теріп жеу үшін өз өмірін жалғастыра береді. Бірақ күйбең тірлікпен жүріп ұйқының да Алланың берген бір сыйы екендігін естен шығарып аламыз да оған аса мән бермейміз, оған болуы керек қарапайым нәрсеге қарағандай қараймыз. 

Кейбір ғалымдардың айтуынша, адамның күнделікті 6-8 сағаты ұйқыға кетуі қажет. Ал енді кейбіреулердің айтуынша, ұйқы – босқа өткізілген уақыт, ұйқының орнына олар басқа бір маңыздырақ іспен айналысар еді. Бірақ иман келтірген жандар үшін кез-келген әрекет, соның ішінде, ұйқы да оның ұстанатын діні турасынан қарастырылғаны жөн.

Әрбір амал ниетпен басталғаны жөн екендігін білген абзал. Ал ұйқының ниеті қандай болмақ? Тіпті ұйқының өзі де Алла Тағаланың разылығына қол жеткізуге бағытталған болуы тиіс. Ұйқыда жатып Алланың разылығына қол жеткізу үшін адам қандай ниетте болуы керек?  

Егер адам тек бұл фәни дүние үшін, яғни, табиғи қажеттілігін өтеу үшін ұйықтайтын болса, онда ұйқы ол үшін тек жай ұйқы болып қала береді.  Ал егер адам мәңгілік өмір үшін, яғни, ұйқыда жатып Алла Тағаланың разылығына қол жеткізу үшін ұйықтайтын болса, онда ұйқы бұл адам үшін қайырлы болып, сауап жазылатын болады. Егер адам баласы Жаратушының бұл өмірде оның несібесіне берген өлшеулі ғана өмірінің маңыздылығын түсініп, өмірінің әрбір сәтіне аса ыждаһаттылықпен қарайтын болса, ондай адам ұйқыдағы уақытына да мол мән беретін болады. 

Ақиретті бір сәтке болсын есінен шығармайтын мүмін ұйқыға жатар алдындағы сүннеттерді орындап, көзі ілінбей тұрып дұға жасап, тек қана ұйықтап тұруға емес, сонымен қатар, Алла Тағалаға құлшылық ету үшін күш жинап тұруға ұмтылатын болады. Сондай-ақ, шырт ұйқысынан тұрып, түннің бір уағында орындалатын тәһәжжуд нәпіл намазын оқуға және таң намазын жіберіп алмай, уақытында тұруға ниет етіп жататын болады. 

Егер адам баласы ақирет үшін немесе Алла Тағаланың разылығы үшін ұйықтайтын болса, ол денесінің табиғи қажеттілігін өтейді, бірақ бұл дүниеде уақытша екенін және қайтадан өз Жаратушысына қайтарылатынын есінен шығармайды. Алла разылығын алғысы келген адам ұйқысын дәрігерлердің нұсқауы немесе анықтамалықта жазылған уақыт бойынша жоспарламайды, оның ұйқысы тәһәжжуд, таң  намаздарына және ораза кезінде сәресіге тұрумен байланыстырады. Ең бастысы, ол өзінің құлшылығына зиян келтіріп көп уақытын ұйқымен өткізбейді, шүкірлігі жоқтығын көрсетпей, уақытын зая жібермейді. 

Қасиетті Құранда Алла Тағала иман келтіргендер туралы былай айтқан: «Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді» (51:17).

«Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды» (32:16).

Ислам ұйғарымындағы мұсылмандық өмір салты бірқалыпты әрі көркем түрде үйлестірілген. Адам бұл дүниеден де баз кешіп кетпей, сонымен қатар, ақирет өмірін де естен шығармауы тиіс. Ол өз денесінің табиғи қажеттілігін өтеумен қатар кез-келген амалға рухани мән беруі керек. Тіпті ұйқы сияқты күнделікті қарапайым нәрсе де тек бір ниеттің арқасында мүмін үшін құлшылық түрі болып шыға келеді әрі ол ұйқыда жатса да оған Алла Тағаланың разылығына қол жеткізуге септігін тигізеді.

Міне, жоғарыда айтылып өткендей, тіршіліктің әрбір сәтін құлшылыққа айналдыруға болады екен, тіпті ұйқыдағы сәтті де. Ал құлшылық – өмірлік мақсат, бұл мақсат Алла Тағаланың разылығына жеткізеді.