ҚҰРАНДА АТЫ АТАЛҒАН ЛҰҚМАН ХӘКІМ КІМ?

Қасиетті Құран Кәрімде адамдарға үлгі болатын бірнеше тұлғаның есімі аталған. Соның бірі – Лұқман хәкім. Құран Кәрімде Лұқман хәкімнің есімімен аталған «Лұқман» сүресі бар. Бұл сүреде Лұқман хәкімнің баласына айтқан пайдалы және ғибратты өсиеттері айтылғандықтан, осылай аталған. «Лұқман» сүресінде бұл кісі жайлы айтылғанымен, Құранда оның жеке өмірі, қай жерде, қашан өмір сүргені жайлы мағлұматтар айтылмайды. Сондықтан біз Лұқман жайында келген хадистер, салихтардан келген кейбір риуаяттар негізінде хәкім жайлы аз-кем ақпарат беруді жөн көрдік.

Лұқман хәкімнің тегінің қандай болғаны – білім иелері арасында тартысты мәселе. Кейбір ғалымдар Лұқман ибн Бағур ибн Нахур ибн Тарих дейді. Сондай-ақ Тарих Азар деген есіммен де белгілі. Ал Азар Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) әкесі десе, кейбір ғалымдар Лұқман хәкім Аюб (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың жиені немесе нағашысының баласы деген. Кейбір ғалымдар оның есімін Лұқман ибн Анқо ибн Сарун деген.

Лұқман хәкімнің пайғамбар болғаны не болмағаны жайлы ғалымдардың арасында тартысты мәселе бар. Алайда көпшілік ғалымдар Лұқман хәкімнің пайғамбар емес, хәкім, әулие болғанын айтқан. Саид ибн Мусайябтан жеткен риуаятта: «Лұқман – Мысырдағы хабаштықтардың бірі. Алла оған хикмет берді, бірақ пайғамбар болмады», – деген. Көптеген деректерде Лұқман хәкімнің хабаштық болғаны айтылады. Әбу Һұрайрадан (Алла одан разы болсын) келген риуаятта Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Лұқманның кім болғанын білесіңдер ме?» – деді. Адамдар: «Алла және Оның Расулы білуші!» – деді. Сонда Пайғамбарымыз: «Лұқман хабашстандық болған», – деді. 

Алла Тағала Лұқманға даналық берді. Ол көп сөйлемейтін, даналық қана айтатын, көп ойланатын кісі болған екен. Лұқман хәкім ағаш ұстасы, тігінші болумен қатар, қой да бағыпты. Ибн Касир Лұқман хәкімнің Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың заманында Бәни Исраил қауымына қазы болғанын жазған. Ол өзінің шешендігімен, өткір ойымен, әділ шешімдерімен танымал болған. Парасатымен, шыншылдығымен, шынайылығымен халықтың ықыласына бөленген. Лұқман хәкім Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар болып жіберілгенге дейін адамдардың әртүрлі мәселесіне пәтуа беретін. Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар болып жіберілгеннен кейін пәтуа шығармаған делінген. Лұқман хәкімнің өмірі туралы мәлімет аз болғанымен, оның айтқан өсиеттері мұсылмандар арасында өте танымал. Олардың кейбіреулері қасиетті Құранда айтылған болса, қалғаны әртүрлі кітаптарда баяндалған.

Алла Тағала Құранда: «Расында, Лұқманға: «(Қарымына) Аллаға шүкіршілік ет», – деп хикмет дарыттық. Кімде-кім шүкірлік етсе, тек өзі үшін шүкірлік етеді. Ал кім күпірлік қылса, шүбәсіз, Алла – Ғани, Хамид», – деген («Лұқман» сүресі, 12-аят). Енді Лұқман хәкімнің баласына айтқан өсиетіне тоқталсақ. Құран Кәрімде мінез-құлықтың төрт түрі баяндалады. Біріншісі, Адамның Алламен болған мінез-құлқы. Екіншісі, адамдармен болған мінез-құлқы. Үшіншісі, өзімен болған мінез-құлқы. Төртіншісі, табиғатпен болған мінез-құлқы. Алламен болған мінез-құлыққа Аллаға құлшылық ету, Аллаға еш нәрсені серік қоспау, берген нығметіне шүкірлік ету т.б жатады. Адамдармен болған мінез-құлыққа ата-анаға жақсылық жасау, басқаларды жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю, кішіпейілдік, кешірім, шыншылдық секілді мінезді жатқызуға болады. Ал өзіңмен болған мінез-құлыққа өзінің мінезін дұрыстау, жаман мінездерден тазару, сабыр ету, кішіпейіл болу, тәкаппарланбау, мақтанбау жатады. Табиғатпен болған мінез-құлықты жер бетінде бұзақылық жасамау, ағаш, өзен т.б табиғаттың бөлшегіне зиян тигізбеу деп түсінеміз. Осы мінез-құлықтың төрт негізін де Құрандағы Лұқман хәкімнің баласына айтқан өсиетінен таба аламыз. Алла Тағала «Лұқман» сүресінде: «Бірде Лұқман ұлына: «Балам, Аллаға серік қоспа! Біле білсең, Оған серік қосу ең үлкен қиянат!» – деп насихат айтты. – Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше: «(Уа, адам баласы) Маған және ата-анаңа шүкірлік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)», – деген («Лұқман» сүресі, 13-14 аяттар).

«Сондай-ақ Лұқман ұлына: «Уа, балам! Расында, жақсы-жаман қандай да бір іс (қышаның дәнегіндей) мысқалдай болса да, әрі бір меңіреу жартастың ішіне, яки көктердің немесе жердің қандай да бір қалтарысына жасырынып қалса да, Алла оны міндетті түрде жарыққа шығарады (бетін ашады). Алла – Латиф, Хабир. Уа, балам! Намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқы! (Адамдарды) әрдайым жақсылыққа үгітте (үнде), (оларды) жамандық атаулыдан тыюға тырыс! Басыңа не келсе де сабыр ет! Міне, осы істердің әрқайсысы табандылық пен күш-жігерді талап ететін, сауабы да зор істердің бірі һәм бірегейі», – деген («Лұқман» сүресі, 16-17 аяттар).

Сондықтан Лұқман хәкімнің қашан және қай жерде өмір сүргенін білуге қарағанда оның өсиеттеріне мән беріп, сол өсиеттерді өмірде пайдалану маңызды. Алла Тағала баршамызға Лұқман хәкім сияқты тұлғаларды үлгі тұтып, олардың даналық, хикметтерін түсініп, амал етуімізді нәсіп етсін!

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №1, 2024 жыл