Лудомания зардабы

Лудомания- ойынқұмарлық деген мағынаны білдіреді.

Бұл адамның өміріне теріс әсер етсе де, құмар ойындарды жалғастыруға деген ұмтылыс. Құмар ойындар тәуелділік тудырады, өйткені ол есірткі немесе алкоголь сияқты миды улайды. Шын мәнінде, құмар ойындарға тәуелділік, бүкіл әлемде ең көп таралған дерттердің бірі болып табылады. Құмар ойындарға тәуелділік тақырыбына көшпес бұрын, құмар ойындарды түсіндіріп кеткен жөн. Құмар ойындар - бұл ақша немесе басқа пайда үшін кездейсоқ ойындарды ойнау әрекеті. Құмар ойындар әртүрлі жолдармен жүзеге асуы мүмкін, мысалы, казинолардағы үстел ойындары, үйде интернетке негізделген ойындар, қор биржасы және достарымен спорттық командаға ставка жасау. 

Ислам дінімізде адамдардың өмірін әділ әрі бақытты ету үшін көптеген заңдар мен ережелерді белгілейді. Осы ережелердің ең маңыздыларының бірі – құмар ойындарға тыйым салу.  Құмар ойыны Исламда үлкен күнәлардың бірі болып саналады.

   Құмар ойыны неге харам?  Исламда құмар ойындарға тыйым салудың себептері қандай? Құмар ойындардың қоғамға және жеке тұлғаларға әсері яғни зардабы қандай? Осы сұрақтардың жауаптарын осы мақалада талқылаймыз.

Исламда құмар ойынының харам болуының себептері

Құмар ойыны исламда өте ауыр қылмыс болып саналады.  Бұл жағдайдың негізгі себептері:

   * Әлеуметтік әсерлер: Құмар ойындар қоғамда көптеген келеңсіз жағдайларды тудырады.  Көптеген мәселелер туындайды, мысалы, құмар ойындарға тәуелділік, отбасының бұзылуы, адамдардың ақшаны ұрлау немесе қарызға алу  және оны қайтара алмау, казино айналасындағы қылмыс деңгейінің артуы.

   * Әділетсіз пайда: Құмар ойыны,  әділетсіз пайда табу тәсілі ретінде қарастырылады.  Құмар ойындар арқылы ақша табу, жұмыс істеуден гөрі оңайырақ әдіс ретінде қарастырылады және бұл адамдардың  құндылықтарында өзгеріс тудырады.

   * Тәуелділік: Құмар ойындар  тәуелді етуі  мүмкін.  Адамдар  құмар ойындарға тәуелді болғандықтан ақша жоғалтуы, өмірлеріне зиян келтіру немесе тіпті өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін.

   * Сәттілікке негізделген: Құмар ойындары сәттілікке  негізделген ойын және мұндай әрекеттер Исламда орынсыз болып саналады.  Ислам діні бойынша адамдардың өмірін кездейсоқтыққа, яғни сәттілікке  қалдыру дұрыс емес.  Ислам,адамдарға еңбек ету және күш салу арқылы, табысты маңдай термен табу керек деп үйретеді.

Осы себептерге байланысты  құмар ойындар,  ислам дінінде  харам болып саналады.  Өйткені құмар  ойындар,қоғамға және жеке адамдарға кері әсерін тигізеді.

Құмар ойындардың қоғамға және жеке тұлғаларға әсері яғни зардабы.

Жалпы, лудоманияның қоғамға төндіретін қаупі орасан.Құмар ойындар адамдардың әлеуметтік және экономикалық өміріне кері әсер етеді.  Құмар ойнайтын адамдардың басқа адамдармен қарым-қатынасында қиындықтар болуы мүмкін.  Құмар ойындар адамдардың ақшасын босқа жоғалтуына әкеліп соқтырады, бұл жанжалға, тіпті бір жанұяның ажырасуына әкелуі мүмкін. Бар ақшаларын ұтылған соң таныс-тамырынан қарыз алып, несиеге батып, үйіндегі дүниелерін сатып, ақыры, қылмысқа баратындары аз емес. Құмар ойындар ,адамдардың өз жұмысы мен өміріне назар аударуына кедергі жасайды.

Сонымен қатар, құмар ойындардың тәуелділік қасиеттері бар.  Құмар ойындар уақыт өте келе адамдардың мінез-құлқы мен ойларына әсер етеді.  Құмар ойнайтын адамдар ойынға тәуелді болғандықтан казиноға,ойын автоматтарына, букмекерлік кеңселерге баруды және ақша жұмсауды тоқтата алмайды.  Бұл адамдардың өміріне кері әсер етеді.

Мемлекет басшысымыз да Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын.

 "Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс", – деп атап өтті Президент.

Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған еді. Мемлекет басшысы елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.

Осы орайда, еліміздің барлық мешіттерінде жұма намазы алдында, имамдар құмар ойындардың адамның жеке басына, отбасына, қоғамға тигізетін зияны, оның шариғаттағы үкімі жайында уағыз айтып, адамдарды бұл жаман әдеттен арылуға шақыруда.[1]

Құмар ойыны Исламда харам болып саналады

 Ислам діні құмар ойындарға тыйым салады. Себебі ол Исламның негізгі құндылықтарына қайшы келеді, әділетсіз пайда әкеледі және сәттілікке негізделген.   

Құмар ойындар негізінен адамдарға жұмыс істемей ақша табуға мүмкіндік беретін құрал.  Осы себепті Ислам, еңбектенбей тапқан ақшаны харам санайды.  Өйткені Исламда адамдар өз еңбегімен табыс табуы керек.

Құмар ойынының харам саналуының тағы бір себебі – оның айналасындағы адамдарға және қоғамға зияны.  Адамдардың уақытын, ақшасын және энергиясын ұрлайды құмар.  Құмар ойыншылар, отбасылары мен жақындарының өміріне де әсер етуі мүмкін.  Құмар ойындар- адамдардың қарызға батып, кедейленуіне, тіпті өзін-өзі өлтіруге итермелеуі мүмкін.

Қасиетті Құран-Кәрімде  құмар ойынының зиянын баяндайтын аяттар бар және хадистер де көп.  Бұл аяттарда құмар ойыны шайтанның ісі деп сипатталып, адамдардың бір-біріне  дұшпандық сезімін тудыратыны айтылады.  Сондықтан ислам дінінде  құмар ойыны, үлкен күнә болып  саналады.

Мысалы, Құран Кәрімде құмар ойнау, ішімдік ішу, пұтқа табыну жамандық деп танылған«Мәида» сүресінің, 90-аятында:

تُفْلِحُونَ لَعَلَّكُمْ فَٱجْتَنِبُوهُ ٱلشَّيْطَٰنِ عَمَلِ مِّنْ رِجْسٌ وَٱلْأَزْلَٰمُ وَٱلْأَنصَابُ وَٱلْمَيْسِرُ لْخَمْرُ ٱ إِنَّمَا ءَامَنُوٓا۟ ٱلَّذِينَ يَٰٓأَيُّهَا

«Уа, иман келтіргендер, арақ-шарап, құмар, табынуға арналған пұттар және жебелермен бал ашу шайтанның амалы саналатын лас істер. Ендеше одан аулақ болыңдар. Мүмкін, құтыларсыңдар», ­– деп айтқан ). [2]

Сахаба Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Біреу бауырына «кел, құмар ойын ойнайық» десе, садақа берсін», – деген. [3]  Бұл хадис құмар ойнауға шақырудың өзі күнә екенін меңзейді.

Ал Жәбир (Алла оған разы болсын) жеткізген келесі хадисте: «Харамнан өскен ет (яғни адам) жәннатқа кірмейді», – деген.[4]

Шариғатта кез келген ойынға құмар араласса харам, үлкен күнә саналады.[5]

Исламда құмар ойындарға тыйым салу тек ойын үстелдерінде ойнаумен ғана шектелмейді.  Құмар ойындардың барлық түрлеріне тыйым салынады. Казино немесе ойын алаңдарын ашуға, мұндай жерлерде жұмыс істеуге немесе құмар ойындармен айналысуға тыйым салынады. Осы себепті исламда : лото, лотерея және ат жарысы сияқты кездейсоқ ойындарға да тыйым салынған.

Ислам діні бойынша құмар ойыны адамдарды арсыз, азғын, алдамшы етеді. Құмар ойындар адамдарды әділетсіз пайда табуға әкеледі және адамдардың дүние-мүлкінен айырылуына себеп болдады. Осы себепті құмар ойындардың діни тыйымдардың қатарында болуы бекер емес. Ислам діні бойынша адам сау, бақытты, бейбіт өмір сүру үшін зиянды әдеттерден аулақ болуы керек.

Ел болып, бесігімізді түзейік десек, құмар ойындарына беріліп, шайтанның арбауына түспейік.  Иманымызды күшейтіп, өзімізге, отбасымызға, айналамызға, қоғамға, қоршаған ортаға пайдамызды тигізейік. Алла тағала бізді құмар сияқты лас ойындардың шырмауына түсуден сақтасын деп тілейік.

Мырзабаев Арғын

Тараз қаласы

«Әбдіқадыр» мешітінің найб имамы

 


[1] https://kaz.zakon.kz/kogam-tynysy/6033101-ludomaniya

[2] Маида сүресі 90 аят

[3] Бухари

[4] Ибн Хиббан № 5567

[5] «Әл-Маусуату әл-фиқһия»39/407