Қазақы тыйымның түбі - тәрбие

Қазақ халқы – әлмісақтан мұсылман. Ата-бабамыз мұсылманша хат танып, мәйіттерін мұсылманша жерлеп, балаларының есімдерін мұсылманша қойғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. «Баламды медресеге біл деп бердім...» деп Абай (Ибраһим) атамыз айтқандай, қазақ зиялыларының барлығы дерлік медресе табалдырығын аттап, шариғат шарттарын бүге-шүгесіне дейін білген десек артық айтпаған болар едік.

Өкінішке орай, ғасырлар бойы бұл қазақ нені көрмеді десеңізші... Одан қала берді кеңес кезеңіндегі қыспақ. Бұлардың бәрі қазақ халқының діни іліммен терең айналысуына  мүмкіндік бермеді. Ақырында мұсылманшылық рәсімдердің кейбірі ғана сақталып, кейбірі тұспалдалып айтылып қана қалды. Жалпы алғанда діннен ұзақтап  қалдық. Тәуелсіздік алғананан кейін ғана төл дінімізді еркін оқып-білуге мүмкіндік туды. Қазақ халқының салт-дәстүрге берік екендігі рас, бірақ қаншама ғасыр мұсылманшылықты ту етіп келген халықтың салт-дәстүрінің дінмен ұштаспауы мүмкін емес. Ол екеуінің бір-бірімен  біте қайнасып, бір-біріне әсерін тигізбеді дей алмаймыз. Бұған қазақ халқының салт-дәстүрлерінің біразы дәлел. Салт-дәстүр мен дінді салыстыра келе, біраз қазақи әдет-ғұрыптардың діннен алатынығын байқаймыз. Соның айғағы ретінде,  бүгінгі мақаламызда діни негізі бар кейбір ідет-ғұрыптарды қысқаша беріп отырмыз. Олар төмендегідей:

  1. Қазақи тәрбиеде үстел басында амандасуға келген жеткіншекке -адамды, үйді, дастарханды айналма деген тыйым бар. Бұл тыйымның түбінде тәрбиенің төркіні жатқаны анық. Атам қазақ адамды, үйді, дастарханды айналма деу арқылы мына нәрсені түсіндіргісі келгені – жер бетінде айналатын бір-ақ нәрсе бар ол мұсылмандардың бет бұрып намаз оқитын қасиетті мекен – Қағба екен. Сол қағбаны мұсылмандар сағат тіліне қарсы жеті рет айналады. Жеті дегеннің өзі қазақ салт-дәстүрінде қасиетті сан деп есептеледі. Расымен солай, енді неге сағат тіліне қарсы дейтін болсақ, оның хикметі мұнда. Адам ағзасындағы қанды айдаушы негізгі фактор – жүрек. Сол жүрек барлық қанда оңнан солға қарай сағат тіліне қарсы бағыттайды. Бұл қозғалысты адамзат ағзасына тек оң пайдасын беретінін қазіргі таңда ғылым дәлелдеп отыр. Жер бетінде қағбаны солай айналып жатқан болса, оны да медицина құп көріп отыр. Мәселен, жүгіруші жүгіргенде стадионды сағат тіліне қарсы беттеп жүгіреді. Міне осы қозғалыс адамның демікпе, яғни қан қысымына соқтырмайтын тәсіл екенін медицина мойындап отыр. Ал, галактикадағы жүйені қарасаңыз тіпті таңқалуға шараңыз болмайды. Күнді айналатын барлық планета да сағат тіліне қарсы бағыт бойынша айналады екен. Ал, енді қазаққа да, мұсылманкершілікке де үш қайнаса сорпасы татымайтын жаңа жылда біз өзіміз бала күнімізде шаршаны айналып өстік. Қазақы тәрбие іс жүзінде емес, сөз жүзінде қалып қойғанына налисың. Осының барлығын меңзеген ата-бабаларымыз тоқсан ауыз сөздің түйінін, бір ауыз сөзбен «айналма» тыйым салған жоқ па?!  
  2. Сәрсенбінің сәтті күні

«Сәрсенбінің сәтті күні» деген сөзге негіз болар риуаят бар. Ол риуаятта былай делінеді: «Сәрсенбі күні не нәрсені істеп бастаса да, онысы аяқсыз қалмайды». Яғни, сәтті күн деген ұғымда. Екінші бір деректе әлемнің жаратылу осы күннен бастау алатындығын алға тартады. Анығын әрине Алла білуші.

  1. Марқұм мен махрұм сөздерінің мәні мен мағынасы.

Қазақта қайтыс болған кісіні «Марқұм» де п еске алып жатады. Бұл сөздің мағынасын біріміз білсек біріміз білмей жатамыз. «Марқұм» сөзінің шариғаттан енген кірме сөз, мағынасы  «Алланың рахымы болсын!» деген дұға мағынасын қамтитын ауқымды сөз. Ал, «махрұм» деген сөз – «Алланың рахымынан кенде қалған пенде» деген мағына беретін шариғаттан енген кірме сөз.

  1. «Иманды болсын немесе иманы жанына жолдас болсын!»

Дана халқымыз әрбір сөзді тура мағынасын тауып қолдана білген дана халық екеніміз даусыз. «Неге оқыған намазы я болмаса ұстаған оразасы жанына жолдас болсын демейді?» Абай атамыз айтқанындай: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға құлшылық парыз» дегендей, адамға әуелі иман керек екен. Қазақта сол себепті «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегенінде үлкен мән жатыр. Сондықтан, иманды адамға құлшылық қылу қиынға соқпасы анық.

  1. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді»

Бұрын осы сөздерге мән бермедік пе, әлде мағынасын білу қызықпадық па?... Сұрасақ та мардымды жауап ала алмадық. Кейінірек дін оқуына түсіп, мәселенің мәнісі тереңде екенін ұқтым. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді» дегені иманның алты шарты. Олар: «Аллаға, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға, ақырет күніне және тағдырға» деген сенімнің біреуіне сызат түсетін болса, мұсылмандардың қатарынан шығып қалады екенбіз, Алла сақтасын! Ал, «төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген сөздің мәнісі құрандағы «Асыр» сүресінде  Алла Тағала былай дейді: «Ғасырды қамтыған уақытпен ант етемін. Ақиқатын айтсақ, әрбір адам баласы құрдымға таяу тұр. Тек иман келтіріп, жақсылықты өсиет етіп, ізгілікті іс істегендер мен бірбіріне ақиқат пен сабырлықты насихаттағандардан өзгелері» деп мына төрт нәрсені меңзеп тұр. Ол төрт нәрсе:Аллаға иман келтіру, қайырымды іс істеу, ақиқатқа шақыру және сабырлықты насихаттау. Міне, осындай сәйкестіктерге қарай отырып, діндегі салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың көпшілігі ислами мәліметтерден бастау алатындығын айтуға болады. Олардың бәрін анықтау әрине уақыттың еншісінде.

Мақаладағы мәліметтер: Барлығы болмаса да «Заман тудырған сұрақтар» атты кітаптан ықшамдалынып алынды (1-2 том) «Самға» баспасы 2020 ж.