ОРАЗАНЫҢ СЫРЫ МЕН САУАБЫ

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Барлық мақтау Аллаға тән. Тура жолдың мәңгілік өнегесі болған ардақты Пайғамбарымызға салауаттар мен сәлемдер болсын. Баршамызды айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаға шексіз шүкір айтамыз.

Жоқтан бар етіп жаратқан Раббымыз Рамазан айы келгенде шамасы келген пенделеріне ораза ұстауды парыз, яғни Исламның бес тірегінің бірі еткен. Бұл – Алла Тағаланың бізге сыйлаған өте үлкен кеңшілігі мен нығметі. Жаратушы Иеміз Құранның «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол нұсқаушы және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді», – деп Рамазан айының қадірін қасиетті Құран арқылы белгілеген.

Расында адамзат баласы адасқан кезде, лағынеті шайтанның арбауына ілескен сәтте, жер бетіне надандық жайылған уақытта, адами құндылықтар тапталған заманда Алланың өз пенделеріне деген шексіз мейірімінің нәтижесінде көркем насихат, жүректі түрлі дерттен сақтау, тура жол көрсету үшін қасиетті Рамазан айында Құран түсіріле бастады. Бұл туралы Хақ Тағала Құранда былай дейді: «Уа, адамдар! Сендерге расында Раббыларыңнан насихат, көкіректердегі дерттерге шипа әрі мүминдер үшін тура жол мен рақым (Ислам мен Құран) келді. (Уа, Мұхаммед!): «Олар, Алланың кеңшілігі, мәрхаметімен болған осылармен қуансын. Өйткені, Құран олардың жиған-тергендерінен қайырлы» де».

Шын мәнінде қасиетті Құран адамзат баласының игі істері, яки жасаған жақсы дұғалары үшін түскен жоқ. Құран Алла Тағаланың адамзат баласына шексіз жақсылығы мен рақымы үшін түсті. Құран аяттары ақты қарадан, адалды арамнан ажыратып берді. Екі дүние бақытына жетелейтін парыз амалдар бекітілді. Ендеше бұл – біз үшін нағыз қуанатын жағдай. Жер бетінде адам баласы үшін Құранды оқып, оның мағынасын ұғып, ғибрат алып, аяттарға сай амал етуден артық қуаныш жоқ. Себебі жер бетінде не жисақ та, қандай ризық-нығметке бөленсек те, қандай билік пен байлыққа кенелсек те, мұның ешқайсысы Алланың Құранды түсіруінен артық емес.

Жаратушы Иеміздің қасиетті Құран аяттарын он екі айдың сұлтаны болған Рамазан айында түсіре бастауының өзіндік хикметі бар. Рамазан Алланы ұлықтау, пәктеу, Оған мүмин сипатымен бойсұну айы болғандықтан, ораза адам баласын өмір бойы мұсылман деген атқа сай ғұмыр кешуге тәрбиелейді. Ол үшін ең алдымен қасиетті Құранға байлануды үйренуіміз керек. Құранға байланған адам бақытқа бөленеді. Әйгілі ғұлама Хасан Басри (Алла оны рақымына бөлесін): «Егер де Алланың сенімен сөйлесуін қаласаң, Құран оқы!» – деген сөзінде үлкен мән жатыр.

Бірде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Алла Тағала айтты: «Адам баласының оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін». Басқа риуаятта: «(Алла Тағала): «Ол өзінің тамағын, сусыны мен шаһуатын Мен үшін тастайды. Ораза мен үшін, оның сыйын Өзім беремін. Сондай-ақ әрбір жақсылық он еселенеді», – делінген. Мұсылман баласының намаз оқуы, қажылыққа баруы, зекет-садақа беруі, Алланы разы ететін қандай да жақсы амал жасауы өзінің игілігі үшін орындалады. Жоғарыда келтірілген хадистің мәні мынада: адам оразадан басқа парыз амалдарды орындау барысында оның ниетін түрлі ойлар бұзуы мүмкін. Соның салдарынан қателіктерге ұрынып жатады. Ал ораза нәпсіге ауыр келетін құлшылықтың бірі болғандықтан, кез келген адам ауыз бекіте бермейді. Алайда бұл Аллаға ықыласты пенделер үшін ауыр емес. Керісінше құлшына кірісіп, мол сауап алуға тырысады, оны беріле орындайды.

Алла Тағала пенделерін ораза ұстап қана қоймай, көбірек жақсылық жасауға құлшындырып: «Ораза мен үшін, оның сыйын Өзім беремін. Сондай-ақ әрбір жақсылық он еселенеді», – дейді. Ауыз бекіткен адамға қандай дәрежеде сауап жазылатынын періштелер де білмейді. Мысалы, біз бір күнде бес рет намаз оқимыз. Алланың уәде еткені бойынша ниетіміз бен ықыласымыздың дұрыс болуына қарай әр намазымызға он намаз оқығанның сауабы беріледі, оны періштелер жазады. Ал оразаның сауабын Алланың өзі береді екен.

Раббымыз Рамазанда бізді арам нәрсені былай қойғанда адал болған амалдың өзінен тыйып отыр. Күндіз адал болған ас-судан, адал болған жарымызға жақындаудан тыйыламыз. Мұның хикметі не? Ораза құлшылығының түпкі мәні – Алланы жақсы көруге, Оның разылығына жетелейтін амалдарды жақсы көруге ұмтылу. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дұға жасайтын: «Уа, Алла Тағалам! Өзіңді жақсы көруді және Сені жақсы көретінді жақсы көруді және Сенің жақсы көруіңе жақындататын әрбір амалды жақсы көруді маған нәсіп ет! Уа, Алла Тағалам! Сенен мәселенің қайырлысын, жақсы дұға, жақсы нәтиже және жақсы сауап сұраймын. Мені бекем ет және таразымды ауырлат, иманымды нығайт, дәрежемді көтер, намазымды және ғибадаттарымды қабыл ет, қатемді кешір және маған жоғары дәрежелі жәннатты нәсіп ет!».

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осыған ұқсас тағы бір дұғасында: «Ей, Аллаһым! Сенен Сенің сүйіспеншілігіңді, Сені жақсы көретіндерді жақсы көруді және Сенің сүйіспеншілігіңе мені жақындататын амалдарды сұраймын. Ей, Аллаһым! Сенің сүйспеншілігіңді, жанымнан, бала-шағамнан және суық судан да артық ет» (Термизи, Дауд 73) – деп айтқан екен. Адам баласын үнемі жамандыққа итермелейтін нәпсіге оразадан асқан ауыр нәрсе жоқ. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын) айтқандай, жүгендеуге мұқтаж болған нәпсіңнен артық асау жоқ. Бір данышпан: «Кім өзіне Алладан артық дос бар деп ойласа, Алла Тағала жайлы танымы аз болғаны. Кімнің нәпсіден үлкен дұшпан бар деген ойы болса, нәпсісін дұрыс білмегені», – деген екен.

Расында тән қалауын үнемі жүгендеп отыратын бірден-бір жол – ораза ұстау. Осыған дейін ашуды тізгіндеуді үйренбеген болсақ, оны ораза үйретеді. Осыған дейін көңіл қалауымызша артығымен тамақтансақ, ораза хадиске сай аз мөлшерде тамақ жеуді үйретеді. Осыған дейін бойымызда тәкаппарлық сезімі көрініс тапқан болса, оны ораза жойып жібереді. Осыған дейін міскіндерге көңіл бөлмеген болсақ, оразада хәліміз олармен теңесіп, садақа беруге ден доямыз. Міне, ұлық болған Рамазан бір ай бойы мұсылмандық сипатқа сай өмір сүруге тәрбиелейді. Бір айда жамандықтан арылған адам қалған айларда да жағымсыз әрекетке бой алдырмайды. 

Ізгілерден қалған мынадай сөз бар: «Кемелдікке жету үшін адам баласына төрт-ақ нәрсе керек: аз ішіп-жеу, аз ұйықтау, аз сөйлеу һәм көпшіліктен арагідік бөлініп, оңашалану». Пенде осы аталған төрт қасиетке ораза ұстау арқылы жетеді. Шын мәнінде күні бойы аш құрсақ жүрген адам бір ай бойы аз тамақ жеуге дағдыланады. Күнін оразамен өткізген мұсылман түнін құлшылыққа арнайды. Түнгі намаздарға көңіл бөліп, жамағатпен тарауық намазына қатысады. Одан бөлек таң намазы алдында түнгі таһажуд намазын өтейді. Аузы берік адам артық сөйлеуден сақтанады. Осылайша аз сөйлеуге дағдыланады. Ал Рамазан айының соңғы он күнін оңаша өткізуге ниет танытқан пенде иғтикафқа кіріп, өзін дүние істерінен босатып, уақыты мен күш-жігерін құлшылық жасауға арнайды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбеттерінің өзге үмбеттерден ерекшеленетін бес қасиеті бар. Бұл туралы Алла елшісі былай деген: «Менің үмбетіме Рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді: 

1.Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады;

2. Ауыз ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады;

3. Алла Тағала Рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерден тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді;

4. Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды.

5. Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі». Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн Қадір түні ме?» – деп сұрағанда: «Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты» – деген».

Алла Тағала баршамызға қасиетті Рамазан айында оразамызды кемеліне жеткізіп ұстауды жазғай! Қасиетті айда жасаған әрбір ізгі амалымызға мол сауаптар жазып, келесі Рамазан айына да аман-есен жеткізгей! Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

«Иман» журналы, №3, 2024 жыл 

 

  •