РАМАЗАН ҚҰЛШЫЛЫҚҚА МӘН БЕРЕТІН АЙ

Иман мұсылманды тозақтан сақтайды. Мұсылман иманының қуатына қарай қылмыс пен күнәдан бойын аулақ ұстайды. Жүйкесін жұқартпайды, ашуын ақылға жеңдіре алады. Аяқасты тап болатын түрлі қиындықтарға шыдамдылық танытуда оразаның берер пайдасы көл-көсір. Тұла бойын харамнан, тілін жаман сөзден, көзін сұқтанудан сақтайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сабырлықтың жартысы ораза ұстаудан тұрады», – деп өсиет қалдырған.

Cәресіге ояну – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:«Сәресіге тұрыңдар сәресіде үлкен береке бар», - деген. Тым болмаса бір жұтым су ішудің өзіиен сәресін орындаған болып есептеледі.

Азан айтылғанға дейін истиғфар айту; Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сәресі уақытында Алладан кешірім тілейтіндер ...», - деп, таң намазына тұрып, құлшылық жасайтын адамдарды дәріптеген.

Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» – деп сұраған кісіге Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берген». Сонымен қатар жарты құрманың құнындай болсын садақа беру, мұсылман бауырыңның қажетіне жарау, тіпті жолда жатқан кедергіні алып тастау бұның  барлығы садақа бергендей сауапқа кенелтеді. Осы тұста сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ауызашар жасауға бәріміздің мүмкіндігіміз бола бермейді ғой», – деді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оразашының аузын, тіпті, бір түйір құрмамен, не бір жұтым сумен, сүтпен аштырған жанға да сондай сауап жазылады». «Кімде-кім ораза тұтқан жанға ауызашарда сусын берсе, Алла оны Қиямет күні менің һәуізімнен сусындандырады да, ол қашан жұмаққа кіргенше еш шөлдемейтін болады», – деді». «Дұғаның үш түрі қайтарылмайды, соның ішінде ауызашардағы ораза ұстаушының дұғасы» деп келген.

Ауызды құрма немесе сумен ашқаннан кейін кешіктірмей ақшам намазын жамағатпен оқу абзал амал. Ауыз ашарды жанұямен, жақын туыстармен өткізген абзал, өйткені жұбайыңның, бала-шағаңның сенде хақысы бар.

Ауыз ашар кезінде сабырсыздыққа беріліп шамадан тыс тоя жеу денсаулығымызға зиян. Шамадан тыс тамақ жеу сіздің тарауық намазыңызға және басқа да құлшылықтарыңызға кері әсерін тигізеді. «Кімде кім, Рамазанда сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі»деген. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен.

Алла Тағала иман келтіргендерге тек жақсылық, жеңілдік қалайтындығы айтылады. Расында асыл дініміздің үкімдерінде қиындық жоқ. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шындығында дін – жеңіл», – деген. Хақ Тағала пенделеріне ауыр істі жүктеп, қиындыққа душар етуді қаламайды. Бұл Алла Тағала тарапынан берілген үлкен нығмет, жеңілдік.

Асылы, Хақ Тағала құлдарының ішінен Өзінің нығметтеріне, ырзық-несібесісіне әрдайым шүкір етіп жүретіндерін жақсы көреді. Өйткені, Жаратқанның берген ырзығына алғыс білдіру иманның ажырамас бөлігі. Себебі, Алла Тағала Өзіне күпіршіл болмай, шүкіршіл болуға бұйырған: «Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, күпірлік етпеңдер». Раббысы берген өмірге, денсаулығына, материалдық және рухани байлықтарына алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкір ету әрбір пенденің міндеті. Ол үшін шын ықыласпен «Әлхамдулилләһ» деп айтудың өзі жеткілікті.

Ораза тұтушыға берілген бес қасиет: Имам Ахмадтың Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза тұтушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді: «Менің үмбетіме рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді:

1. Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен артық болады;

2. Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады;
3. Алла Тағала рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерден тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді;

4. Бұл айда жындардың біразы шынжырланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды.

5. Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі».

Жұмақта тек ораза ұстағандар ғана кіретін ерекше қақпа бар. Оның ішінде қандай қызықтар бары бір Аллаға ғана аян. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Расында, жұмақта ар-Раййан атты қақпа бар. Қиямет күні одан ораза тұтушылар ғана кіріп өтеді де, олардан басқа ешкім кіргізілмейді. Олар кіріп болған кезде ол қақпа жабылады»Раййан қақпасынан кіруіміз үшін рамазандағы оразаны лайықты түрде орындауымыз қажет.

Қайсыбір мұсылманға осынау құтты айдағы қайырлы істерден қапы қалуға болмайды. Сол игілікті істердің бастылары төмендегідей:

1. Оразаны шынайы ықыласпен лайықты түрде тұту.
2. Тарауық және тәһәжүд намаздарын оқу.
3. Құранды қайталап оқу.
4. Садақа беру.
5. Ауыз ашар жасау.
6. Ауызашарда дұға-тілек тілеу.
7. Мешітте иғтикафқа қалу.
8. Қадір түнін құлшылықпен өткізу.
9. Ата-ананы қадірлеу.
10. Соңғы онкүндікте ерекше ықыласпен құлшылық ету.
11. Сәреге тұрып, тамақтану.
12. Ауызашарды уақытынан кешіктірмеу.
13. Кеңпейіл болып, надандықтан алыстау.
14. Ұдайы дәретпен жүру.
15. Азан айтылса, қайталап, дұғасын оқу.
16. Күнделікті бес намазды уақытылы орындау.
17. Сүннет намаздарды тастамау.
18. Алла Тағаланы көп зікір ету.
19. Сәскедегі нәпіл намазды орындау.
20. Намаздардан кейінгі тәсбих, дұғаларды айту.
21. Әрдайым истиғфар дұғасын айту.
22. Күнә-қателіктерге тәубе жасау.
23. Жетім-жесірге қарайласу.
24. Тәкаппарлықтан тартыну.
25. Адамдардың арасын жарастыру.
26. Туыстық қатынасты үзбеу.
27. Мұсылмандарға сәлем беру.
28. Ұмраға бару. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазанда жасалған ұмраның сауабы қажылықпен тең», – деген.
29. Пітір садақасын беру.
30. Ораза айтына лайықты дайындалу.

 

Ендеше сол үмбеттің жалғасы болып табылатын кейінгі ұрпақ біз де Ұлы Рахманнан ұлық рамазан айының берекесін тілейміз. Отыз  күн ораза тұтқан мүміндер құлшылықты абыройлы орындап болған соң Жаратқанға шүкірлері мен зікірлерін айтып, Ораза айтын лайықты түрде тойлауы қажет.

Алла Тағала Рамазан айын бізге Өзі разы болатындай пайдалы өткізуді жазсын!

 

 Қанат Тұмарбекұлы

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Бурыл ауылы «Шолпан-Дәуіт» мешітінің имамы