Өнегелі Ислам ғалымы Закария ал-Ансари (Алла ол кісіні рахымына алсын) ихсан жайлы былай дейді:
«Ихсан дегеніміз – мәңгілік бақытқа жету үшін жан тазалау және ахлақ-мінезді түзету және іші мен сыртын дұрыстау жолдары, онымен білінетін ілім» және тасаууф ілімінің төс тұмарларының бірі - имам Жунейд (Алла ол кісіден разы болсын) «Тасаууф – Құран мен Сүннетке құралған жан тазалау ілімі» деген екен.
Хақ Тағала әш-Шуғара сүресінің 88-89 аятында: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді, бірақ кім Аллаға сау жүрекпен келсе ғана (пайда береді)”.
Ихсан ол - көркемдік, тазалану, өзін-өзі бақылау және амалдағы ықылас пен адамның өзінен ішкі және сыртқы арсыздықтардан айырылуы. Алла Тағала
әл-Ағраф сүресінің 33-аятында: «‘Күдіксіз, Раббым арсыздықтарды, Оның көрнеу, көмесін, күнәны, орынсыз озбырлықты, оған байланысты ешбір дәлел түсірілмеген нәрсені, Аллаға серік қосуларыңды және білмейтін нәрселеріңді, Аллаға қарсы сөйлеулеріңді арам қылды’ де»
Ихсан іліміне ден қойғандар немесе сопы дегеніміз кім?
Зуннун (Алла ол кісіден разы болсын) ихсан іліміне ден қойғандар жайлы: «Олар Алланы бүкіл нәрседен артық көріп, Алла оларды бүкіл нәрседен артық қылған қауым» десе, тағы бір сөзде олар: “Ахлуссуффа” дан қалған қауым деседі, яғни ізін жалғаушылар. “Ахлуссуффа” Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде мешіттен шықпай, шариғат үйренген сахабалар еді. Тағы бір пікірде, олар - Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ахлиссуффадағы сахабалары, табиғиндер және табаға табиғиндер секілді оның жолын ұстанған кісілер, Жунейд және оның жолдастары секілді бүгінгі күнімізге дейінгі жүрек ғалымдары.
Имам Ахмад әр-Рифағи (Алла ол кісіден разы болсын) сопы дегеніміз -
«Өзгеден өзін артық көрмей, дүниенің ластығынан өз жанын сақтаған жан» десе, Имам Бахауддин әр-Рауаси (Алла ол кісіден разы болсын): «Тақуа сопы дегеніміз - қайда болса да Хақ Жаратушымен болып, одан еш ажырамайтын (мағнауи тұрғыдан) адам» деген.
Бишр ибн әл-Харис атты ғалым кісі (Алла ол кісіден разы болсын): «Сопы дегеніміз - Алла разылығы үшін жүрегін таза ұстаған адам».
Сахл ибн Абдулла ат-Тустури (Алла ол кісіден разы болсын) сопы деген кім деген сұраққа: «Сопы дегеніміз - ластық атаулыдан аулақ болып, жүрегі Аллаға деген ой-пікірге толуымен бірге, Алладан басқаға бет бұрмаған кісі. Ол кісінің алдында алтын мен топрақ тең болған жан» дейді.
Ғұлама Абу Туроб ан-Нахшаби (Алла ол кісіден разы болсын) айтады: «Сопы дегеніміз – оны еш нәрсе ластамайтын, керсінше онымен барлық нәрсе тазаланатын жан» деген.
Ихсан ілімінің бастау алуы
Мұсылмандар арасында көптен бері қозғалып, талқыланып жүрген мәселелердің бірі - араларындағы кей жандардың Кәлам іліміне, не фиқһ іліміне кірмей, көңілдері ауған жолмен жүруі болған еді. Ол жол Алланы жақсы көру, Оған жақындау, зуһдпен басқадан аулақ болумен және Алладан басқаға жүрек бұрмау еді. Міне, осы кісілерді - тасаууфшылар немесе ихсан іліміне бет бұрғандар дейтін. Тасаууф сөзі ең алғаш Куфа қаласында дүниеге келіп, Шам елінде һижри жыл санақ бойынша150 жылы қайтыс болған, Абу Һашим атты кісіге қолданылған болатын. Алғаш тасаууф ілімінің көзқарастарын бекітіп, оған түсініктеме жүргізген – имам Маликтің шәкірті Мысырлық Зуннун атты кісі болса (һиджри жыл санақ бойынша 245 жылы дүниеден өткен), осы ілімінің көзқарастарын түсіндіріп шарыхтаған, бөлімдерге бөлген және оны танымал қылып таратқан - Жунәйд әл-Бағдади болған (һиджри жыл санақ бойынша 297 жылы қайтыс болған). Тасаууф ғұламаларының кейбірі Тасаууф сөзі «суф» деген сөзден шыққан деседі. Суф дегеніміз – малдың жүні, кейде жүннен болған киімге де қолданылады. Оны дүниеге еш көңіл бөлмейтін кісілер киетін еді. Осы істегі олардың бетке ұстарлары Кәһф сүресінің 28-аятында мақталған Аһлуссуффа еді: «(Мұхаммед Ғ.С.) таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет. Дүние тіршілігінің сәнін қалап, көзіңді басқаға аударма. Қалауына еріп, ісі шектен шығу болған, Біз олардың жүректерін Бізді еске алудан басқаға бұрып қойғандарға әсте бағынба!».
Ихсан ілімінің негіздері
Расында ихсан – үлкен, қадірі жоғары, терең ілім. Оның негізі Исламнан екендігіне өте қуатты дәлелдер келеді. Сол себепті дүниелік және ақыреттік бақытқа жеткізуші болып қала бермек. Осы ілім - дүниеде иесінің ішкі жан дерттеріне шипа болса, ақыретте мәңгілік бақытқа, яғни жаннатқа жеткізуші. Ол - нәпсіні тәрбиелеуімен бірге, жанды тазалаушы жол. Бұл - бір Исламның рухани өмірі жайындағы айна іспетті. Әсілі, мақталған жақсы сипаттарды бойға сіңірумен, жамандалған сипаттардан арылуға және Пайғамбарымыздың, саңлақ сахабалардың артына еруге құрылған, адам жаны жоғарылайтын мақтаулы жол. (Тасаууф немесе Ихсан ілімінің негізі әлбетте Қасиетті Құраннан және шарапатты Хадистен негіз алады. Анық дәлел болған бір қатар аяттар мен сахих хадистерге көз салсақ:
Хақ Тағала әр-Рағд сүресінің 28-аятында:
«Әлбетте, жүректер тек Алланы еске алумен тынышталады» - дейді.
﴿أَلَا بِذِكْرِ اللهِ تَطْمَئِنُّ القُلُوبُ﴾
Және әл-Жұма сүресінің 2-аятында: «Ол өзінің аяттарын оларға оқып беретін және оларды тәрбиелеп, оларға кітапты және хикметті үйрететін өздерінен болған елші жіберген Құдай еді».
﴿هُوَ الَّذِي بَعَثَ فِي الأُمِّيِّينَ رَسُولًا مِنْهُمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آَيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الكِتَابَ وَالحِكْمَةَ﴾
Юсуф сүресінің 53-аятында Алла Тағала адам баласындағы нәпсінің болмысын ашықтауда: «Расында нәпсі - сөзсіз жамандыққа бұйырушы»
«إِنَّ النَّفْسَ لَأَمَّارَةٌ بِالسُّوءِ»
Дүниенің мәңгі қалар орын еместігін ән-Ниса сүресінің 77-аятында былай баяндайды: «Айт, дүниенің ләзаты аз ғана, ал Ахырет - қорыққан жан үшін хайырлы».
« قُلْ مَتَاعُ الدُّنْيَا قَلِيلٌ وَالآَخِرَةُ خَيْرٌ لِمَنِ اتَّقَى»
Пайғамбарымыздың (Алланың ол кісіге игілігі мен сәлемі болсын) Ибн Мажада келген хадисінде:
«Дүниеден өзіңді аулақ ұста - Алла сені жақсы көреді, адамдардың қолындағыдан аулақ бол -адамдар сені жақсы көреді».
«ازهد في الدنيا يحبك الله، وازهد فيما في أيدي الناس يحبك الناس»
Және тағы бір хадисте: «Ихсан – Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету, егер көріп тұрғандай болмасаң, онда Ол сені көріп тұр».
حديث جبريل حيث سأل رسول الله صلى الله عليه وسلم عن الإيمان والإحسان
Осы секілді аят-хадистер көптеп келеді. Расында, тақуалық қылу - Алланың шариғатын орындау, күмәннан сақтану немесе ахіретке зиян келер нәрседен өзін, ата-анасын, отбасын, туған-туысын сақтауы немесе соған ұмтылу. Міне, осы ихсанның нақ өзі!