ОРАЗА ЖӘНЕ ОҢАША ҚҰЛШЫЛЫҚТЫҢ СЫРЫ

Рамазан айында ерекше орындалатын амалдың бірі – иғтикафка кіру. Иғтикаф деген сөз бір жерде біраз кідіру, бір нәрсеге берілу, нәпсіні әдеттегі еркінен тыю деген ұғымдарды білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы мынадай: нәпсіні әдеттегі еркінен, дүниенің машақаттарынан тыйып, Аллаға толық берілу және Оған жақындау ниетімен белгілі бір уақыт аралығында мешіттен шықпай, құлшылық ету.

Иғтикаф амалы оразаның соңғы он күнінде орындалады. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айындағы амалы жайлы былай деген: «Рамазанның соңғы он түні кірген кезде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) білегін сыбанып, түнін құлшылықпен тірілткен әрі отбасын да оятқан».

Оңаша қалудың негізгі мақсаты – Алланы еске алу және жүректі дүниеге деген шектен тыс махаббаттан арылту. Алланы еске алу мақсатында оңаша қалу – Алланың әміріне және Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сәйкес жүзеге асырылатын амал. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде бірнеше күн қалып, оңашада Алланы еске алып, Оның ұлылығы жайында көп ойланатын. Дәл сол Хира үңгірінде отырған кездерінде Құранның алғашқы аяты түскенін бәріміз де білеміз. Бұл қасиетті Рамазан айы еді.

Мүміндердің анасы Айша (Алла оған разы болсын) былай деген: «Уахи Алланың елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұйқыда жақсы түс көруден басталды және көрген түсі таң шапағындай анық келетін. Содан кейін оған оңаша қалу ұнамды боп қалды. Отбасын сағынғанға дейін жалғыз өзі Хира үңгірінде үздіксіз бірнеше түн (Аллаға) құлшылық-ғибадат жасайтын. Сол үшін өзімен бірге азық алып кететін. Сосын Хадишаға қайта соғып, тағы да сол құлшылығы үшін азық-ауқат қамдап алатын. Хира үңгірінде оған ақиқат келгенге дейін (осылай жалғасты)».

Оңаша қалудың адамның құлшылығына және дінінің түзелуіне тигізетін көмегі зор. Өйткені Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардан оқшауланып, өзімен-өзі оңашада қалған кезде ұлы жақсылық орын алды. Осы бір істе Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ілескен адам үшін де өз деңгейіне лайықты жақсылықтар беріледі. Демек оңашада ойланып, ойын жинақтап, Аллаға жақындау арқылы бір жақсылықтың орын алары сөзсіз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі Алладан аян түсерден алдын біраз уақыт оңашада болған еді.

Оңаша қалу – жүректі дүниенің күйбең тіршілігінен  демалдырады, жүректе Алладан басқаға орын қалмайды, жүректен даналықтың шуақтары төгілуіне себепші болады. Оңаша қалу дегеніміз – бәрінен, тіпті өзінен де бас тартып тек Алламен ғана бірге болу. Міне сонда ғана адам баласы Алланың кереметтеріне куә болып, Оны тани алады.

Оңаша қалған кезде жүрек дүниенің күйбең тіршілігінен босайды. Бұл адам баласының ойлануына, ойын жинақтауына септігін тигізеді. Адам баласы адами болмысынан шығу үшін үлкен жаттығулар керек. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) не үшін оңаша қалу сүйікті іс боп қалғаны осыдан белгілі. Ол адамдардан оқшаулану арқылы күнделікті үйреншікті әдеттерінен арылғысы келді.

Расында оңаша қалудың пайдасы көп. Оның ләззатын сезініп, жемісін жинай алған жандар ғана біледі. Бұл нәпсіні тәрбиелеп, кемшіліктен тазартуға және Алланың бұйырған құлшылықтарын орындауға көмектеседі. Негізінде адам баласының нәпсісі адамдармен бірге отыруға және бос сөзге бейім. Нәпсі Алланы еске алумен жеке қалудан қашқақтайды. Нәпсімен күресудің алғашқы кезеңдерінде ол түрлі бұлғаққа салып, Жаратқан Иесімен жалғыз қалудан барын сала қашатыны рас.

Алайда нәпсіні дұрыс тәрбиелей алсақ, ол Алланы еске алып, Оған мінәжат етудің ләззатын сезіне бастайды. Әсіресе, материалдық игіліктердің шынжырынан босап, Алланың иелігіндегі рухани әлемде судағы балықтай жүзген кезінде рухани кемелденудің не екенін сезіне бастайды. Адам баласының Алланы еске алумен оңаша қалуы ғана оны рухани кемелдікке жетелейді. Құс екеш құстың өзі аспанда еркін қалықтап ұшқанда адамнан қашқақтап жүреді. Қолға үйретіліп, көзі байланған кезде ол ең алдымен қожайынының қолынан азықтанады. Ал содан соң иесінің дауысын естіген сәтте оның айтқандарын бұлжытпай орындай бастайды. Ал қожайыны еркіне жіберіп, бостандық сыйлаған кезде де қайта оралып келетіні – оның иесіне бауыр басқандығының белгісі. Алланы оңашада еске алу жүрекке тыныштық сыйлап, сананы дүниенің күйбеңі мен күйзелісінен арылтады. Міне сонда ғана пенде иманның ләззатын сезінеді. Жүрегіне тыныштықпен қатар бақыт орнайды.

Имам әл Ғазалий (Алла оны мейіріміне бөлесін) былай деген: «Адамдардан оқшауланып оңаша қалу дүниенің күйбеңі мен күйзелісінен арылтады және есту мен көру қабілетін дұрыс бағытқа өзгертеді. Көз бен құлақ жүрекке апаратын тікелей қақпа. Біздің сезім мүшелеріміз арқылы жүрегімізге түрлі мәліметтер орнығады. Жүректі тек Алланы еске алуға үйрету әдісі оған орнығатын бүкіл ақпараттардың сүзгісі қызметін атқарады. Жүрекке дұрыс білім мен ақпарат орныққан кезде ғана ол нұрланып, шуақтана бастайды».

Иә, жүрек тыныштығын іздеген адам оңаша қалуды әдетке айналдыруы керек. Рамазан айында мешітте оңаша орындалатын иғтикаф құлшылығының мәні осында жатса керек. Оңаша қалып, түннің соңғы бөлігінде Аллаға құлшылық жасау үшін түнгі намаз оқудың өзіне тән бір ләззаты бар. Оны тек сезіне алғандар ғана түсінеді. Ибраһим ибн Адхам  (Алла оны мейіріміне бөлесін) түнгі таһажжуд намазын оқып болған: «Біздің дәл қазіргі сезінген ләззатымызды егер патшалар сезіне алса, сол ләззатқа қол жеткізу үшін бізбен соғысудан тайынбас еді», – деген екен.

Бұл өмірде адамды ой майданына жетелейтін оңашалықтан асқан жүрекке пайдалы нәрсе жоқ. Оңаша болу дегеніміз – жүректің Алла Тағаламен жалғыз қалуы. Кейде оңаша қалу ұғымы адамдардан бөлектену деген ұғымға қатысты да қолданылады. Адамның өзі оңаша қалмаса оның жүрегі де оңаша қалу мүмкіндігіне ие болмайды. Жүрекке орныққан дұрыс ой адамды Раббысына жетелейді.

Оңаша қалу – жүректің қорғанысы, ал дұрыс ойлау – жүректің емі. Қорғаныс болмаған жерде емнің де пайдасы шамалы болмақ. Сондай-ақ ойсыз қорғаныстың да жүрекке берер пайдасы шамалы болатыны түсінікті. Ойсыз оңаша қалудың пайдасы болмайтыны секілді, оңаша қалмай ойланудың да пайдасы шамалы. Оңаша қалудағы басты мақсат – жүректі күйбең тіршілік пен күйзелістен арылту. Ал жүректі күйзелістен арылтудағы мақсат – оған дұрыс ойды орнықтыру. Жүрекке дұрыс ойды орнықтырудағы мақсат – иләһи білімге қол жеткізу. Біз Алланы иләһи білім арқылы ғана тани аламыз. Алланы таныған жүрек бүкіл жүрек дертінен арылады. Міне осындай жүректі Алла Тағала Құранда сау жүрек деп атаған. Бұл туралы Құранда: «Ол күні мал да, балалар да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға нағыз сау жүрекпен келсе ғана (пайда береді)» («Шұғара» сүресі, 88-89-аяттар) деп баяндалған.

Алла Тағала қасиетті айда оңашада жасаған ізгі амалымызды қабыл еткей. 

 

Ерденбек ИХСАНОВ,

Бөрлі аудандық мешітінің бас имамы 

Батыс Қазақстан облысы

«Мұнара» газеті, №6, 2024 жыл