Наурыз ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Ал оны атап өтудің дінге қайылығы бар ма? Дәл осы сұрақты бүге-шегесіне дейін талдап, түсіндіру мақсатында "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің шәкірттеріне "Еліміздегі наурыз мерекесінің дінге қайшы жағы жоқ па?" тақырыбында ашық тәрбие сағаты өтті.
Шараға оқу орнының директоры, ұстаздар мен студенттер қатысты. Медресе директоры Қанат Жұмағұл өз сөзінде: "Наурыз парсы, түркі халықтарының тойлайтын төл мерекесі болып табылады. Ол Ислам діні келмей тұрып та тойланған. Елімізде наурыз қалай тойланады? Киізүй тігіледі, бауырсақ пісіріп, айран пісіп, наурыз көже әзірленеді, көкпар беріледі, арқан тартылады, асық ойнатылады тағысын тағы өзіміздің төл дәстүріміз насихатталады. Аллаға шүкір бізде кейбір елдердегідей наурыз мерекесін отпен байланыстырмайды. Отты айналып, одан секіріп жүрген ешкім жоқ. Наурызды олай тойлау дінге қайшы екенін келешек ұрпақ біліп жүрсін. Бізде керісінше наурыз дастарқандарында Құран оқылып, қария ақсақалдар бата беріп, Аллаға қақаған қыстан елімізді аман шығарғанына шүкір айтып, ел амандығын тілейді" - деп атап өтті.
Ал жиында сөз алған облыс бойынша оқу-ағартуға ісі мен діни білім және кадр даярлауға жауапты маман, медресе-колледж ұстазы Нұрлан Мұрат шәкірттердің жекелеген, белгісіз ұстаздардың жетегінде кетіп қалмау керектігін, тек ҚМДБ-ға, медресеге қарасты имам-ұстаздардың уағыздарын тыңдауын тілге тиек етті. "Діни білім алып, осы істің маманы болатын студент үй ішінен үй тікпеуі керек. Оқу орында беріліп жатқан білімді сіңіріп, ұстаздардың жетекшілігінде болғаны дұрыс" - деп қосты маман.
Шәкірттер де тақырыпқа қатысты өз ойларын ортаға салып, еркін түрде пікірлерін білдірді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі