ЖЫНДАР ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Жын – адамзатқа параллель өмір сүретін жаратылыс. Жындар ер және әйел болып жынысқа бөлінеді. Мұсылман жындармен қатар кәпір жындар да кездеседі. Кейбір жындар Құдайдың қаһарына ұшыраған, адамды азғырып аздыратын, өзімен бірге тозаққа әкетуді мақсат етеді. «Жын» (араб тілінде «жасырын жаратылыс» деген мағынада, ал қазақ тілінде «жын-пері», «сайтан» деп те айтылады) — діни және көркем әдебиетте кездесетін табиғаттан тыс мифологиялық тіршілік иесі.

Жын - оттан жаратылған. Кәпір жындар Ібілістің (шайтандардың басы) бұйрығын орындаушылар. Басты сипаттары тәкаппарлық, өзімшілдік, көре алмаушылық, менмендік. Құдайға көп құлшылық етуінің арқасында о баста періштелердің дәрежесіне жеткен, еткен тағат-ғибадатының қарымына орасан зор ғылым мен білімді иеленіп, періштелерге сабақ берген. Соңында осынша терең біліміне мастанып, топырақтан жаратылған Адам атаға сәжде жасамаймын, деп Алланың әмірінен бас тартып, лағнет қамытын киген, тозақ отына күю жазасына кесілген. Адам баласына тек дұшпандық ойлайды, бірақ оның дұшпандығының өзі Рахымды Құдайдың құдіретімен адамның рухани толысуына қызмет етуі мүмкін. Яғни, адам баласы жынның әрекетіне қарсы күресудің арқасында рухани дамиды.

Ібіліс Құдайдан бұл дүниеде мәңгі өмір сүруді, адам баласының ойына араласып, аздыру мүмкіндігін сұрап алған. Құран Кәрімнің Исра сүресінің 62-аятында былай деп айтылған: «Шайтан: «Адам ұрпақтарын хақ жолдан тайдырып, адастыратынын айтқан. Тек біраз құлдарыңды ғана азғыра алмаймын» деді». Әрбір адамның жанында періштесімен қатар өзінің жыны болады. Жын адамның бойындағы нәпсілік құштарлықтарын қоздыру арқылы әрекет жасайды, күнәлі істерге бастап, құлшылығына кедергі жасайды, адамды түзу жолдан тайдыруға, сөйтіп, түбінде тозаққа түсуге итермелейді.

Адам топырақтан, періште нұрдан жаратылса, жындар оттан жаратылған: «Жындарды оттың жалынынан жаратты» («әр-Рахман» сүресі, 15-аят). «Расында адамды бейнелеген қара балшықтың сыңғырлап құрғағанынан жараттық. Жындарды да (адамнан бұрын) түтінсіз оттан жаратқан едік» (15.Хижр, 26-27).  Жын түтінсіз оттан жаралғандықтан әр түрлі бейнеге ауысуға бейім. Жын кейде адамдардың көзіне әр түрлі құбылыс (ешкі, ит, қыз, тағы басқа) кейпінде көрінеді. Рухы биік адамдарға жынның шамасы келмейді, әлсіз адамдар үшін өте қауіпті болып табылады. Жындардың көптеген ерекшеліктері бар. Мысалы, алыс жерге бір сәтте барып келе алады. Адам баласы оларды көрмесе де, олар адамдарды көріп қарап отыра алды. Адам үшін тылсым құпия саналатын кейбір жайттарды біледі. Ұзақ өмір сүргендіктен тәжірибелері мол. Алайда жындар да ғайыпты біле алмайды. Жындардың ғайыппен байланысты ілімі жоқ. Олар тек Алланың өздеріне берген рұқсат мөлшерінде ғана адамдарға беймәлім кейбір мәселелерді біліп, көре алады.

Әдетте, адамға қас, әрі күшті болсып келеді. Әйтсе де ақыл-ой тұрғысынан адамнан кейін тұрады. Жындар ерікті және саналы тіршілік иелері. Жындар да адамдар секілді ішіп-жейді, үйленеді, көбейеді және өледі. Олардың өмір сүру ұзақтығы өз уақыттары бойынша 60-70 жылдай болады. Бірақ, олардың жылдық өлшемдерін біздің уақыт өлшемімізге шаққанда шамамен мың жылға жақын. Жын ауру шақырып, қиыншылық әкеледі, сөйтіп адамға зиян келтіреді, сонымен бірге оған көмектесе де алады.

Адам жаратылмай тұрып, жер бетінің билеушілері солар болған. Жындар туралы Құран Кәрімде Алла Тағаланың жындарды және адамзат баласын тек өзіне құлшылық ету үшін жаратқандығы айтылады. Сол үшін адам баласына жіберілген пайғамбарлар жындарға да жіберілген. Алланын бұйрығыменжынның көпшілігі Сүлеймен пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) қызмет етіп, оған ғибадатханалар мен сарайлар тұрғызып береді. Алла Тағала Мұхаммет пайғамбарымызды әрі адамдарға, әрі жындарға жібергені жөнінде Құран кәрімде айтылған. Жындар да адамдар секілді мұсылман, кәпір, жақсы, жаман болып бөлінеді. Жынның бір бөлігі пайғамбардың Құранды оқығанын естіп, оған иланып, Исламды тарата бастайды. Енді біреулері Ібіліске ілесіп, оның шайтандарымен бірге әскерін құрып, өздерінің зұлымдық істерін жалғастыра береді. Барлық дінге сенбеушілер сияқты, олар жаһаннамда тозаққа түседі делінген. Аятта бұл жайында былай дейді: «Расында жақсыларымыз да, одан төмендеріміз де түрлі жолдарда едік. Шынында жер жүзінде Алланы еш жеңе алмайтындығымызды, әрі одан қашып құтыла алмайтындығымызды аңғардық.... Біздің арамызда мұсылмандар да, туралықтан адасқандар да бар. Сонда кім мұсылман болса, ал міне солар туралықты іздейді». Сондай-ақ, жындардың арасында олардың көптеген көмекшілері бар.

     Алла Тағаланың әмірімен қайырлы, оң істердің басында періштелер тұратын болса, шайтан – пендені тек алдап‑арбаумен, жамандыққа итермелеумен айналысады. Ал, жындарда осы екі рухани әлемнің де қасиеттері бар.

Құран Кәрімде "жын-шайтандар" деп аталатын (әл-Әнғам сүресі, 112 аят) жындар адамдарды қорқытады, бойына үрей туғызып, көңіліне күдік ұялатады. Адамдарды адастырып, аздырып, иманның жолынан тайдыруға әрекет жасайды. Тың тыңдап, аспан әлемінен "сыр" ұрлап, естіген сөздерін жалғанмен араластырып, сиқыршылардың, балшы-бақсылардың және көріпкел-тәуіптердің құлағына сыбырлайды. Жалпы палшылық пен көріпкелдікке деген сенім – хазірет Мұхамметтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болғай) әкелген хабарларына қарсы шығумен тең. Қарсы шығу - кәпір болу деген сөз.  Мұндай жындар Құран оқылған жерден аулақ жүреді. «Мен адам ұрпақтарын алдынан, артынан, оңынан, солынан келіп, азғырамын. Ей, Раббым, сен өзіңнің құлдарыңның көбін, берген нығметтеріңнің қадірін біліп, шүкіршілігін қылатындардың қатарынан таппайсың» (әл-Ағраф сүресі, 17-аят) деген.

Жын-шайтаннан пана табудың жолы – Алла есімін көп еске алып, зікір ету, үнемі ғұсыл-дәретпен жүру, қараңғыда жалғыз жүрмеу.

Алла Тағалам білімімізді арттырып, білгенімізге амал етуімізді жазып, жын-шайтанның азғыруынан сақтағай!

Амиров Абдулбари Мәденұлы

Байзақ  ауданы Абай ауылы

Жаныс баба мешітінің  имамы