Жаңалықтар

БАС МҮФТИ АЛҒАШҚЫ АУЫЗАШАРҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)
БАС МҮФТИ АЛҒАШҚЫ АУЫЗАШАРҒА ҚАТЫСТЫ (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде өткен Рамазан айының алғашқы ауызашарына қатысты.

Жиылған жамағатты Рамазан айының басталуымен құттықтап, ізгі тілегін білдірген Бас мүфти оразаның қадір-қасиеті жайлы уағыз айтты. 

«Рамазан – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген ұлы сыйы, нығметі. Қасиеті мен шарапаты мол айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, жан-дүниемізді тазартуға тырысқан абзал. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз үмбетін: «Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Ораза тұтқан адамның алдыңғы және кейінгі күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілеген. 

Рамазанда ауыз бекіткен исі мұсылман баласы өзін ішіп-жеуден ғана шектемей, жаны мен тәнін жамандықтан сақтап, ізгілікке ұмтылады. Іс-әрекетін мұсылманға тән әдеп аясында орындауға тырысады. Өйткені Рамазан – кез келген ізгі амалды риясыз ниетпен жасауға тәрбиелейтін, адамды тақуалыққа үйрететін ай» деді ҚМДБ Төрағасы.

Айта кетейік, күн сайын мешіт мейрамханасында 500 жанға ауызашар дастарханын жаюды үрдіске айналдырған Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешіті биыл да жамағатқа қонақжай құшағын айқара ашып отыр. Елорда бас имамы  Ерболат Жүсіповтің айтуынша, жалпы қала бойынша осы Рамазанда тәулігіне 2500-3000 жанға тегін ауызашар берілетін болмақ. Сондай-ақ, қасиетті Қадір түнінде мешітке келуші жамағатқа сәресі тарату жұмысы да жоспарланып отыр.

Наиб мүфти ASYLDIN.KZ студиясымен танысты
Наиб мүфти ASYLDIN.KZ студиясымен танысты

Наиб мүфти ASYLDIN.KZ студиясымен танысты

Тараз шаһарына іс-сапармен келген ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы asyldin.kz  студиясын аралады.

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы мешіттің баспасөз хатшысы, журналист Ақерке Шахризатқызын таныстырып, студияда жүргізіліп жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. 

Сонымен қатар ҚМДБ-ның төл арнасы - "Мұнара" ТВ үшін осы студияда, мешітте және "Дін мен дәстүр" мұражайында бірнеше бағдарламалар түсіріліп келе жатқанын, әрі экранда жарық көргенін жеткізді. 

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

"Көне түркі тілдерінің тағылымы" атты семинар өтті

"Көне түркі тілдерінің тағылымы" атты семинар өтті

Бүгін қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінде Жамбыл облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде "Көне түркі тілдерінің тағылымы" атты семинар өтті. Атаулы шарада ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы баяндама жасады. 

Жиынға Тараз қаласына қарасты барлық мешіттердің имамдары, Байзақ, Жамбыл аудандарының бас имамдары, "Һибатулла-Тарази" медресе-колледжінің студенттері қатысты. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы өңірдегі дін мамандарын наиб мүфтиге таныстырып, көне түркі, шағатай тілдерін меңгерген имам, медресенің білікті ұстазы Ғалымбек Жапектің осы бағытта шәкірттерге дәріс беріп жатқанын атап өтті. 

Кенжеәлі Қоңыратбайұлы көне түркі, шағатай тіліндегі еңбектердің құндылығы және оларды түп нұсқадан оқудың маңыздылығын тілге тиек етті. Сонымен қатар имамның тұлғалық келбеті, әдебі, өзін-өзі ұстауы, әлеуметтік желідегі жұмысы туралы сөз етті.  

Семинар соңында дін қызметіне Алладан қуат сұрап, имамдардың ісіне береке тіледі. 

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ РАМАЗАН АЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ РАМАЗАН АЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ елін күллі мұсылман қауымының сағына күтетін мерекесі Рамазан айымен құттықтады. Мемлекет басшысының құттықтауын Ақорданың ресми сайты жариялады.

«Сіздерді қасиетті Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – күллі мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша мезгіл.
Адамзатты рухани тазаруға және жан-жақты кемелденуге бастайтын осы айда төзімділік, жанашырлық, имандылық сияқты құндылықтар кеңінен дәріптеледі.     
Ата-бабамыз Рамазанды «он екі айдың сұлтаны» деп ардақтаған. Ораза ұстаған жамағатқа ауызашар беріп, бір-біріне ерекше құрмет көрсеткен. Салт-дәстүрімізбен сабақтас асыл дініміз ғасырлар бойы Ұлы далада елдің бірлігін және қоғамның тыныштығын сақтау жолында маңызды рөл атқарып келеді.
Мейірімділік айында халқымыз игі істерін еселеп, сауапқа кенеле берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Ораза қабыл болсын!» делінген Президент құттықтауында. 
Жамбыл: Имамдар арасында кіші футболдан жарыс өтті
Жамбыл: Имамдар арасында кіші футболдан жарыс өтті

Жамбыл ауданы орталық «Бәйдібек» мешіті мен аудандық Спорт кешенінің бірігіп ұйымдастыруымен ұлыстың ұлы күні 22-наурыз мерекесіне орай, Жамбыл облысының имам, ұстаздары арасында кіші футболдан ашық турнир өтті. Атап айтар болсақ, Тараз қаласынан екі команда, Байзақ, Жуалы, Жамбыл аудандарынан командалар қатысты.

Жүрделі орындарды: 1 орын - Тараз 1 командасы, 2 орынды – Тараз 2 командасы, 3 орынды – Жамбыл ауданы командасы иеленді. Ашық турнирде орын алған командалар кубок, медальдар мен қаржылай сыйлықтар тапсырылды. Атсалысқан демеушілерге, ауыл имамдарына облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев өз алғысын білдірді.

Кіші футболдан Жамбыл облысының бес аудан арасында ауыспалы кубокты облыстың бас имамы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Жұмағұлға табыстады. Ендігі кезекте, Байзақ ауданы командасы турнир ұйымдастыру кезегін алды. 

Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі